Алматыда өткен Қазақстан қаржыгерлерінің XIV конгресінде Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова криптоиндустрияны дамыту, «төлем банктерін» құру және активтерді цифрлық форматқа көшіру жоспары туралы мәлімдеді.
Қазақстан цифрлық активтер нарығын дамыту үшін қажетті құқықтық негізді алғашқылардың бірі болып қалыптастырды. Ол криптовалюталарды заңды түрде айналымға енгізуден бастап, жылжымайтын мүлік пен басқа да нақты активтерді цифрлық форматта ұсынуға дейінгі бағыттарды қамтиды.
2026 жылы 1 мамырдан бастап осы саланы реттейтін барлық нормативтік құжат күшіне енді. Орталық депозитарий базасында қажетті тізілімдер мен ұлттық криптоактивтерді сақтау жүйесі құрылды. Сондай-ақ Ұлттық крипторезерв іске қосылды.
Шілде айынан бастап елде криптовалюта айырбастау қызметін көрсететін ұйымдарға лицензия беріле бастады. Қазір мұндай сегіз алаң заңды түрде жұмыс істейді. Олардың жалпы айналымы 45 миллиард теңгеге жеткен.
Сонымен қатар KASE алаңында цифрлық қаржы активтерін шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр. 27 қазанда жеке компаниялардың токенделген облигациялары алғаш рет шығарылса, 9 қарашада Ұлттық банк өзінің ноталарын алғаш рет цифрлық форматта орналастырды. Ендігі кезекте мемлекеттік қарызды да цифрлық форматқа көшіру жоспарланып отыр.
- Бұл сауданың сәтті өтуі инфрақұрылым мен институционалдық шешімдердің мұндай тетікті кеңейтуге дайын екенін көрсетті. Жақын арада Қаржы министрлігімен бірлесіп токенделген мемлекеттік облигациялар шығаруды жоспарлап отырмыз. Бұл келесі жылдың бірінші тоқсанында жүзеге асуы мүмкін, – деді Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов.
Ұлттық банк басшысының айтуынша, алдағы уақытта токендеу тетігі жылжымайтын мүлікке, бағалы металдарға және пайдалы қазбаларға да қолданылуы мүмкін. Бұл нақты активтерді цифрлық қаржы құралына айналдыруға, инвестиция салуды жеңілдетуге және капитал тарту шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.
Цифрлық теңгені пайдалану ауқымы да кеңейтілмек. Ұлттық банк Үкіметпен бірлесіп, ұлттық цифрлық валютаның айналымдағы көлемін 2 триллион теңгеге дейін жеткізуді көздеп отыр. Оны қолданудың негізгі бағыттарының бірі өңірлердегі инфрақұрылымды жаңартуға арналған «Халықтық құрылыс» жобасы болмақ.
Бұдан бөлек, Қазақстанның қаржы нарығында жаңа төлем қызметтері пайда болады. Елде бірінші санаттағы төлем ұйымдары, яғни «төлем банктері» институты іске қосылды. Олар Ұлттық банктің төлем жүйесіне тікелей қосылып, ақша аудару және төлем жасау қызметтері бойынша дәстүрлі екінші деңгейлі банктермен бәсекелесе алады.
Бөлшек төлем нарығында да өзгерістер бар. Төрт айдан бері бірыңғай QR жүйесі мен телефон нөмірі арқылы банктер арасында ақша аудару қызметі толық жұмыс істей бастады. Осы уақытта азаматтар 1,4 триллион теңге сомасына шамамен 75 миллион операция жасаған. Қазір бұл жүйенің бөлшек саудадағы банкаралық офлайн төлемдер үлесі 30%-ға жуықтады. Ал соңғы үш жылда кәсіпкерлер үшін төлем комиссиялары 40 %-ға төмендеген.
Жаңа технологиялардың енгізілуі қаржы нарығындағы реттеу талаптарын да жаңартуды қажет етеді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, агенттік 2027–2030 жылдарға арналған қаржы нарығын цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту стратегиясын әзірлеп жатыр. Құжат бес бағыт бойынша 19 бастаманы қамтиды.
Стратегияның негізгі бағыттарына барлық қаржы ұйымы, соның ішінде шағын компаниялар да пайдалана алатын ортақ IT-инфрақұрылым мен есептеу қуаттарын құру, жаңа цифрлық қызметтерді дамыту, оның ішінде агенттік коммерцияны енгізу кіреді.
Сондай-ақ жасанды интеллектіні этикалық тұрғыдан пайдалану стандарттарын әзірлеу, киберқауіпсіздікті күшейту және цифрлық қадағалау жүйесін енгізу жоспарланған. Жақын арада реттеуші жасанды интеллектіні қаржы саласында қолдану жөніндегі талқылауға арналған арнайы баяндама жариялайды.
Қаржы реттеушісінің өзі де цифрлық құралдарды белсенді пайдаланып келеді. Қазір агенттік FinAI, «Өтініштер фабрикасы» платформалары мен Qainar киберинциденттерді бақылау жүйесі негізінде әзірленген 50-ден астам цифрлық қадағалау сервисін қолданады. Бұл құралдар қаржы нарығындағы жүйелік тәуекелдерді заңбұзушылық болмай тұрып анықтауға мүмкіндік береді.
Бұған дейін Ұлттық банк Қазақстандағы инфляцияны 2028 жылы 5%-ға дейін төмендетуді жоспарлап отқанын айтты.