Ұлттық банк Қазақстандағы инфляцияны 2028 жылы 5%-ға дейін төмендетпек
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Қазақстан банктері кәсіпкерлерге беретін жаңа кредит көлемін 20%-ға жуық арттырса, халыққа тұтынушылық несие беру көрсеткіші төмендеген. Бұл үрдісті одан әрі нығайту, «Халықтық құрылыс» инфрақұрылымдық бастамасын қаржыландыру және қор нарығын жаңғырту мақсатында Капитал нарығы туралы жаңа заң жобасы әзірленді. Сонымен қатар 2028 жылға қарай инфляцияны 5%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр.
Алматыда өткен Қазақстан қаржыгерлерінің XIV конгресінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мен Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов несие көлемі жөнінде айтты.
2026 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша кәсіпкерлерге берілген кредит көлемі өткен жылмен салыстырғанда 19,5 % өсіп, 16,6 триллион теңгеге жетті. Ал халыққа берілген кредит көлемі 4,3% қысқарған.
Бұл өзгеріске салықтық және пруденциялық реттеу шаралары ықпал еткен. Енді банктердің бизнеске кредит беруден түсетін кірісіне 25%-дың орнына 20%-дық жеңілдетілген мөлшерлеме қолданылады. Сонымен қатар міндетті резерв талаптарының қайта қаралуы банктер үшін бос қаражатты сақтап, одан табыс табуды тиімсіз ете түсті. Осылайша, банктердің қаржыны бизнеске несие ретінде беруіне ынта артты.
Ендігі кезекте банктерді өңірлердегі әлеуметтік нысандарды, көлік және инженерлік инфрақұрылымды жаңартуға арналған «Халықтық құрылыс» жобасын ұзақ мерзімді қаржыландыруға тарту жоспарланып отыр.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, бұл үшін бірқатар жаңа тетік қарастырылып жатыр. Жоспар бойынша, энергетика және коммуналдық инфрақұрылымды жаңартуға берілетін несиелерге болашақта түсетін кірістер кепіл болады. Сонымен қатар бірнеше банктің бірлесіп несие беруі және ірі жобаларды қаржыландыруы қарастырылып отыр. Кейін банктер бұл қарыздарды облигация шығару арқылы қайта қаржыландыра алады.
Сондай-ақ «Даму» қоры арқылы пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау тетігі сақталып, инвестициялық жобаларға басымдық беріледі. Бұған қоса бағдарламалардың шарттарын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қаражаты есебінен жетілдіру көзделген.
Конгресс аясында Abu Dhabi Commercial Bank еншілес банкіне «исламдық терезе» тетігі бар әмбебап банктік лицензия берілгені де хабарланды. Бұл экономикаға исламдық қаржыландыру тартудың жаңа мүмкіндіктерін ашады.
Банк заңнамасын жаңартқаннан кейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк Капитал нарығын дамыту бағдарламасы мен 2030 жылға дейінгі жаңа заң жобасын әзірледі. Бағдарлама жеті бағыт бойынша 35 бастаманы қамтиды.
Соңғы бес жылда акциялар мен облигациялар нарығының жиынтық көлемі екі есеге жуық өсіп, 100 триллион теңгеге жеткен. Алайда оның одан әрі дамуы үшін жаңа қаржы құралдары мен нарықтағы өтімділікті арттыру қажет.
Жаңа заң жобасы капитал нарығын реттеу талаптарын Еуропалық одақ пен Бағалы қағаздар жөніндегі халықаралық комиссиялар ұйымының (IOSCO) стандарттарына сәйкестендірмек. Құжатта бірқатар маңызды жаңашылдық қарастырылған. Атап айтқанда:
* бағалы қағаздарды қысқа сату (short selling) және оларды орталықтандырылған қарызға беру тетіктерін енгізу;
* қазақстандық акцияларды халықаралық депозитарийлерге қосу;
* исламдық облигациялар (сукук) шығаруға қойылған бюджеттік шектеулерді алып тастау;
* шағын және орта бизнестің акциялар нарығына шығу мүмкіндігін кеңейту және облигация шығару рәсімдерін жеңілдету;
* зейнетақы активтерінің бір бөлігін жеке басқаруға беру.
Айта кетейік, биыл азаматтарға зейнетақы жинақтарының 100 пайызына дейінгі бөлігін жеке басқарушы компанияларға беру құқығы ұсынылды.
Сонымен қатар Қаржы нарығын дамытудың бірыңғай стратегиясы аясында қаржы құралдарын өзара тану және елдегі үш негізгі алаң – KASE, AIX және Alatau City-ді халықаралық деңгейде бірлесіп таныту жоспарланып отыр.
Құрылымдық реформалар аясында Қазақстан экономикасы 2026 жылдың тоғыз айында 4,2%-ға өсті. Тау-кен өндірісі саласын есепке алмағанда, өсім 5,4% болды. Ал құрылыс, көлік және өңдеу өнеркәсібіндегі жеке инвестициялар 25% артқан.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, елдегі инфляция 12 ай қатарынан төмендеп келеді. Қазір бұл көрсеткіш 9,2%-ға тең. Баға өсімін кезең-кезеңімен баяулату көзделіп отыр. 2027 жылға арналған инфляция болжамы 6,5–8,5% аралығында белгіленсе, 2028 жылы оны 5 %-ға дейін төмендету жоспарланған.
Мемлекеттік резервтер де экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды факторлардың бірі саналады. Ұлттық банктің басқаруындағы активтердің жиынтық көлемі шамамен 205 миллиард долларға жеткен. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық қордың кірістілігі бүкіл тарихындағы рекордтық көрсеткішке жетіп, 15,1% болды.
Бұдан бөлек, жыл басынан бері Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына шетелдік инвесторлардың салған қаражаты шамамен 1 триллион теңгеге өсіп, 2,8 триллион теңгеге жеткен.
Еске салайық, Қазақстан қаржыгерлерінің XIV конгресінде қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқығын қорғау саласындағы негізгі өзгерістер туралы айтылған еді.