Қазақстанда түрік брендімен кілем және тоқыма бұйымдары өндірісі жолға қойылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда түрік брендімен кілем және тоқыма бұйымдары өндірісі жолға қойылады. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев мәлім етті.

«Ағымдағы жылы жеңіл өнеркәсіп саласында бірқатар өндіріс іске қосылады. Ол - түрік брендімен кілем және тоқыма бұйымдары өндірісі», - деді министр.

Оның атап өтуінше, бүгінгі таңда еліміздегі жеңіл өнеркәсіп саласында 25 млн. шаршы метр мақта-мата кездемесі, 150 мың тонна метр кілем және кілем бұйымдары, 100 мың дана түрлі жемпір, кардиган, жилет және 500 мың данадан астам ерлер мен әйелдер киімдері, шұлықтар мен аяқ киімдер шығарылады.

«Көпшілігі бізде жеңіл өнеркәсіп жоқ, ештеңе өндірілмейді, бәрін импорттаймыз деп санайды. Мен оның бұлай еместігін айтқым келеді. Жоғарыда атап өткендерім нақты көрсеткіш бола алады», - деді Ә.Исекешев.

Министрдің атап өтуінше, индустрияландырудың алғашқы 5 жылдығындағы 12 басымдықты саланың бірі ретінде жеңіл өнеркәсіпке зор көңіл бөлінген.

«Көпшілігі бұл мемлекеттік қолдауды пайдаланды. Өнім өндірісінің көлемі 2,4 есе өсті. 2008 жылғы 27 млрд. теңгеден 2014 жылы 66 млрд. теңгеге дейін жетті. Әрине, мұның тым аз екендігі түсінікті. Өйткені, біз 2 млрд. доллардан астам соманың өнімін импорттаймыз. Дегенмен, бұл салада өсім бар. Нәрестелерге арналған киім-кешек өндірісі 7 есеге, бас киімдер 4 есеге, тоқыма, дайын бұйым, төсек жабындылары 3 есеге артты. Бұған қоса, соңғы 5 жылдың ішінде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 6,8 есеге өсті. Бұл кәсіпорындардың бұл салаға инвестиция құя бастағанын білдіреді», - деді Ә.Исекешев.