Ведомство мәліметінше, тиісті рұқсатсыз, белгіленген мерзімнен тыс, тыйым салынған аумақтарда немесе заңсыз тәсілдермен аң аулау заңнамада көзделген жауапкершілікке әкеп соғады.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 382-бабының 3-бөлігіне сәйкес, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда аңшылық қағидаларын бұзған жеке тұлғаларға 70 АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе екі жылға дейін аң аулау құқығынан айыру көзделген.
Сонымен қатар құқық бұзушылық жасауға пайдаланылған заттар мен құралдар тәркіленеді.
– Заңсыз аңшылық жануарлар дүниесіне қауіп төндіріп, табиғи тепе-теңдікке зиян келтіреді, – деп ескертті комитет.
Ведомство азаматтарды аңшылық қағидаларын сақтауға және жабайы табиғатқа жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Айта кетейік, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысының Зайсан қаласында заңсыз аңшылыққа қатысы болуы мүмкін деген күдікпен 10 адам ұсталған еді. Олардың тоғызы шетел азаматы екені хабарланды.