Қазақстанда заңсыз айналымнан 35,3 тонна есірткі алынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Синтетикалық психоактивті заттардың жаңа түрлері жиі пайда болуына байланысты Қазақстанда тыйым салынған есірткі заттарының тізімін бекіту жеңілдетіледі. Бұл туралы бүгін халықпен есептік кездесу өткізген ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз заң жобасын әзірлеудеміз. Оған сәйкес елімізде тыйым салынған есірткі заттарының тізімі заңмен емес, Үкіметтің шешімімен бекітілетін болады. Бұл есірткінің пайда болған жаңа түрлеріне қарсы шұғыл әрекет етуге және есірткіге қарсы заңнамалық икемді жүйені құруға мүмкіндік береді», - деді Қасымов.

Осы ретте министр есірткіге қарсы заңнаманың өзгеру себептерін де жан-жақты түсіндіріп өтті.

«Қазіргі уақытта синтетикалық психоактивті заттардың жаңа түрлері таралуда. Олардың түрлері жиі ауысып отырады. Содан біз олардың айналымын заңнамалық тәртіппен жедел тыйым сала алмаймыз. Сондықтан оларды таратушылар мен тұтынушыларды әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тарту мүмкін емес», - деді ол.

Министрдің дерегінше, кеден органдарының, шекара қызметтерінің және полицияның бірлескен жұмыстарына қарамастан контрабандалық жолмен елімізге ауған героині де келіп жатыр. Оның біразы Қазақстанда қалса, қалғаны Ресейге шығарылады.

«Жыл сайын полиция органдары 3 мыңнан астам есірткі қылмысын анықтайды, оның 2 мыңы сату фактілері. Өткен жылы заңсыз айналымнан 35,3 тонна есірткі, оның ішінде шамамен 120 келі героин алынды. Есірткі бизнесі саласындағы 11 ұйымдасқан қылмыстық топ жойылды», - деді Қасымов.