Құжатқа сәйкес, алдағы уақытта бірқатар конституциялық заң жобасы әзірленуі тиіс. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының Президенті туралы», «Қазақстан Халық Кеңесі туралы», «Қазақстан Республикасының астанасының мәртебесі туралы» және «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заң жобаларын 2026 жылғы сәуір айының соңына дейін дайындау жоспарланып отыр.
Сонымен қатар Үкіметке, орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерді жаңа Конституция талаптарына сәйкестендіру тапсырылды. Бұл жұмыс 2026 жылғы 1 шілдеге дейін аяқталуы тиіс.
Бұдан бөлек, Үкімет Конституцияны кеңінен түсіндіру және насихаттау жөніндегі жоспарды 7 сәуірге дейін бекітуі қажет.
Құжатта құрылымдық бөлімшелерге жүктелген міндеттердің уақтылы әрі толық орындалуын қамтамасыз ету тапсырылған. Айта кетейік, Үкіметте жаңа Конституция нормаларын жүзеге асыру жолдары талқыланды.