Қазақстанда жаңадан қабылданған заңнама бойынша тағы бір үкім шықты

Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

АТЫРАУ. KAZINFORM - Атырау облысының Құрманғазы аудандық сотында сталкинг жасады деген күдікке ілінген азаматқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 115 бабының 1-бөлігі, яғни сталкинг бойынша қатысты қылмыстық іс қаралды. Бұл туралы Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

2025 жылдың 5 қыркүйегінде сотталушы жәбірленушінің үйіне барып, есігін тартып, терезесін қағып, қашып кеткен. Одан кейін айыпталушы жәбірленушінің қозғалысын бақылау мақсатында «2ГИС» қосымшасы арқылы оның кәмелетке толмаған балаларының ұялы телефондарына өз аккаунтынан «достыққа» сұраным жіберіп, нәтижесінде оның ұлының орналасқан жерін бақылауға мүмкіндік алған.

Сотталушы 19 қыркүйекте мас болып, өзінің құқыққа қарсы әрекеттерін тоқтатпай, жәбірленушінің еркіне қарсы, зорлық-зомбылықсыз қудалау мақсатында қайтадан үйіне барып, ашық тұрған аулаға кіріп, терезелерінен қараған.

Прокурор сотталушыға 200 сағат қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны тағайындауды, ал жәбірленуші сотталушыға қатаң жазаны тағайындауды, сондай-ақ моральдық зиянды өндіруді сұрады. Сталкер кінәсін ішінара мойындады.

Сот отырысында сотталушының ішінара мойындауымен, жәбірленушілердің және куәлардың айғақтарымен, оқиға орнынан алынған бейнежазбамен және басқа да іс материалдарымен сотталушының аңду әрекеттерін жасағаны дәлелденді.

Сот үкімімен ҚР ҚК-тің 115-1-бабында көзделген қылмыстық теріс қылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 200 сағат қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза тағайындалды. Сталкинг жасаған азамат жәбірленушіге 400 мың теңге моральдық өтемақы, сондай-ақ өкілдің еңбегіне төленген 200 мың теңге шығынды төлеу міндеттелді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, осыған дейін Семейде қызға сталкинг жасаған ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалғаны туралы хабарлаған едік.