Заң жобалары бойынша Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Аманжол Зейнуллин баяндама жасады.
Оның айтуынша, құжат аясында үш кодекс пен алты заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Атап айтқанда, экологиялық туризм жобаларын жүзеге асыру үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың кейбір жерлерін басқа мақсатқа пайдалануға мүмкіндік беру ұсынылған.
Сонымен бірге орманды қорғау және қалпына келтіру талаптарын сақтай отырып, ағашты терең өңдеу жобаларын іске асыруға және ірі орман өрттерінің салдарын жоюға арналған орман алқаптарын ұзақ мерзімге пайдалану құқығын беру қарастырылған.
— Сондай-ақ инфрақұрылым нысандарын салу кезінде жануарлардың мекендейтін ортасын және көшу жолдарын сақтау талаптары енгізіледі, — деді Аманжол Зейнуллин.
Оның сөзінше, заң жобасында электр желілеріндегі құстарды қорғайтын арнайы құрылғылар ұғымы да енгізілген.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін түзетулер аясында жануарларға қатыгездік көрсеткені үшін жауапкершілік күшейтіледі.
Бұдан бөлек, жануарларды күтіп ұстау, вакцинациялау, стерилдеу, серуендету және олардан бас тартуға қатысты талаптарды бұзғаны үшін жаза қатаңдатылады.
Айта кетейік, бұған дейін Президент жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелеріне қатысты заңға қол қойған еді.