– Қазақстанда ғана босанған әйел үш жылға декреттік демалысқа шыққанда, қаржылық пакеті мен жеңілдік төлемдері, ең бастысы, жұмыс орны сақталатынын еске салғым келеді. Мемлекет жас аналарды, кем дегенде, бұрынғы жұмысына орналастыруға міндетті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Президент саябағында өткен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясында.
Халықаралық рейтингтерде ұдайы көш бастайтын елдердің бірқатарында мұндай әлеуметтік жеңілдіктер жоқ, болуы да мүмкін емес.
– Ол жақта босанған аналар жарты айдан кейін қызметіне оралуға асығады, әйтпесе жұмысынан айрылады. Мемлекет кепілдік беретін тегін көмек жайында естімеген, ондай әлеуметтік қолдау шаралары бар дегенге сенбейді де. Ал біз мұны ашық айтпаймыз. Халықаралық рейтингтерде 30, 40, 50-орындарда, тіпті, одан да төмен сатыда орналасамыз. Азаматтарға қандай қамқорлық көрсетіліп жатқанын ешкім білмейді, – дейді Мемлекет басшысы.
Бұған дейін Президент ел ішіндегі жолдардың сапасына шүйлігіп, саботажға теңеген еді.
Оның айтуынша, Мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерінен ешқашан бас тартпайды. Өйткені бұл міндет Конституциямызда анық әрі тура жазылған.