Қазақстанда жеке балабақша ашу жеңілдейді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда жеке балабақшаны ашуға лицензия алу жеңілдетіледі. Бұл туралы бүгін Астанада халыққа есеп беру кездесуінде ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлім етті.

«Әрине, сапаға залал келтірмей, лицензияларды жеңілдету керек екені түсінікті. Яғни, бізде білім беру үдерісіне тікелей байланысы жоқ көптеген мәселелер бар. Қазіргі кезде осы бағыттағы жұмыстарды қарастырудамыз және қандай да бір оңтайлы шешім жасауға талпынудамыз»,-деді Е. Сағадиев.

Оның мәліметіне қарағанда, бүгінде елімізде 120 мыңға жуық бүлдіршін балабақша кезегінде тұр. 2020 жылға қарай барлық балаларды толықтай балабақшамен қамту жоспарланып отыр. Осы ретте тек мемлекеттің қаржысымен бұл мақсатты жүзеге асыру мүмкін емес.

Е. Сағадиевтің сөзінше, бұл тұрғыда жеке балабақшаларды ашу үшін бизнесмендерді ынталандыруға екпін қойылуда.