Қазақстанда жемқорлар тізімін жариялайтын портал іске қосылды
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы жария портал құрылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен бірлесіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жария порталды іске қосты. Портал сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ақпаратты бір ресурста жүйелеуге арналған.
— Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралармен кез келген адам таныса алады. Сондай-ақ порталды пайдаланушылар өздерін қызықтыратын, онлайн тестілеу және сертификат алу мүмкіндігі бар оқу курстарын таба алады. Әлеуметтанулық зерттеулерге ерекше көңіл бөлінеді. Сұрақнамадан өту мүмкіндігі көзделген. Оның нәтижелері сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды түзету және олардың тиімділігін бағалау үшін пайдаланылатын болады. Сондай-ақ мұнда Transparency International халықаралық ұйымының жыл сайынғы зерттеу нәтижелері және сыбайлас жемқорлықты жүйсіну индексіндегі Қазақстанның позициясы қолжетімді, — делінген хабарламада.
Сондай-ақ профилактикалық жұмысты күшейту мақсатында, ресурс ішінде «Сыбайлас жемқорлық картограммасы» бар.
— Ол жерде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне шалдыққан лауазымдар тізімі және мемлекеттік органдар мен өңірлер бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы қамтылған. Жұмыс істеп жүрген волонтерлер мен ұйымдар туралы ақпарат беретін волонтерлік қызметке арналған бөлім сондай-ақ порталдың маңызды элементі. Ниет білдірушілер ерікті ретінде кандидатураны қарау үшін сауалнама жолдай алады, — дейді агенттіктен.
Одан бөлек, жаңа порталда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға, лайықты мінез-құлықты тәрбиелеуге және қоғамда «Заң мен тәртіп» идеологиясын қалыптастыруға бағытталған бейнероликтер орналастырылған.
— Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық туралы хабарлауға да мүмкіндік бар. Агенттік барлығын сыбайлас жемқорлыққа қарсы порталға кіруге шақырады. Ол тұрақты түрде өзекті ақпаратпен толықтырылып отырады. Сілтеме агенттіктің ресми сайтында және мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының GOV.KZ бірыңғай платформасында қолжетімді, — деп хабарлайды Антикор.
Еске сала кетейік, өткен жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали Kazinform агенттігіне эксклюзивті сұхбат беріп, жемқорлар тізімі, активтерді қайтару, заңсыз куәліктерге қатысты толыққанды ақпарат берген еді.