Жемқорлар тізімі, активтерді қайтару, заңсыз куәліктер - Асхат Жұмағалимен сұхбат

Асхат Жұмағали
Фото: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі

АСТАНА. KAZINFORM – Қазір қоғам қайтарылған активтерді тиімді игеру, жемқорлық үшін жауапкершілікті күшейту, әлеуметтік нысандардың құрылысы мәселелеріне ерекше назар аударып отыр. Осы орайда, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали Kazinform тілшісіне берген сұхбатында жемқорлыққа ықпал ететін жүйелі себептер мен салада тиімді стандарттарды енгізу жайын айтты.

- Асхат Жұмағалиұлы, жемқорлық дерті – елімізде өте өзекті мәселе. Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықпен күрес саласында нақты тапсырмаларды жүктеген еді. Осы орайда, Агенттіктің атқарып жатқан жұмыс бағыты жайында түсінік берсеңіз...

- Жемқорлық – әділетті қоғам негізін бұзатын індет. Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жемқорлыққа ықпал ететін жүйелі себептер мен жағдайларды жою бойынша кешенді шараларды жүзеге асырып жатыр. Жоғары лауазымды шенеуніктер арасындағы, әсіресе, халықтың әл-ауқатына тікелей әсер ететін салаларда жемқорлықты анықтау және оның жолын кесу бойынша принципті көзқарас ұстанылады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат үш негізгі бағытта жүзеге асырылып келеді. Олар - қоғамдық сананы түбегейлі өзгерту, жемқорлықтың алғышарттарын жүйелі түрде жою және жемқорлық үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз ету. Осы қағида бойынша 2026 жылға дейінгі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат Тұжырымдамасы әзірленді. Стратегиялық құжат жемқорлық алғышарттарын жою, қоғамда жемқорлыққа қарсы мықты иммунитет қалыптастыру және барлық бағытта ымырасыз күресу бойынша кешенді әрі түбегейлі жұмысқа бағытталған. Мұнда азаматтарымыздың пікірімен қатар, озық шетелдік тәжірибе, халықаралық стандарттар мен өз тәжірибеміз ескерілді. Ең өзекті жаңашылдықтардың бірі – негізсіз байығаны үшін жауапкершілікті енгізу.

Шығындардың табыстан асуы қаржы саласында тексеру немесе тергеу бастауға белгі болады. Бұл «follow the money», яғни «ақшаны қадағалау» қағидатымен тығыз байланысты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасына сәйкес, Агенттік парасаттылыққа немесе жемқорлыққа беріктікті тексеру «Integrity check» тетіктерін әзірледі. Ең алдымен, халықаралық тәжірибені мұқият зерделедік. Мұндай тестілеу АҚШ, Ұлыбритания, Аустралия, Румыния, Грузия, Молдовада құқық қорғау саласында жеке құрам арасындағы заң бұзуды алдын алу шарасы ретінде қолданылады.

Аталған институтты енгізу нәтижесінде мемлекеттік аппараттың сапалы құрамы жақсарып, азаматтардың сенімі арта түседі. Сыбайлас жемқорлық қылмыстарының жасалуына және мемлекетке келтірілген залал түріндегі зардаптарға жол бермеу маңызды екенін ерекше атап өтемін. Сондықтан, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте негізгі рөл жемқорлықтың алдын алуға берілген. Еліміздің әрбір өңірінде әкімшілік кедергілері мен ашықтығы жоқ процестері бар әлеуметтік салалар айқындалып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасына біріктірілген. Мұнда біз негізгі алдын алу құралдарын – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг пен жемқорлық тәуекелдерін талдауды пайдаланамыз. Мәселен, білім беру жүйесіндегі жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізілді. Агенттік тек 2023 жылы және биылдың 1 тоқсанында білім беру саласында 206 қылмыстық іс тіркеді. Олар бойынша келтірілген залал 14 млрд теңгеден асты. Жымқырудың ең көп сомасы Жетісу (5,3 млрд теңге), Түркістан (4,4 млрд теңге), Қызылорда (1,2 млрд теңге), Алматы (1,1 млрд теңге), Ақтөбе (437 млн теңге) облыстары мен Алматы қаласында (457 млн теңге) анықталды. Қылмыс жасағаны үшін 267 адам әшкереленді, оның ішінде 118 адам сотталып, түрлі жазаға тартылды.

Бюджет қаражатын жымқырудың көптеген фактісі бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру процестерін автоматтандырудың, алдын алу тетіктерінің және бухгалтерлік есептің ақпараттық жүйелері мен мемлекеттік деректер базасының интеграциялық байланыстарының болмауынан орын алған. Қазірдің өзінде бюджетті жоспарлау рәсімін цифрландыру және білім беру қызметкерлерінің биометрия бойынша келіп-кетулерін тіркеу жүйесін енгізу үшін құқықтық жағдайлар жасалды. Бұл қаржатқа сұранысты асыра бағалау тәуекелдерін болдырмайды.

«Ұлттық білім беру деректер базасын» жаңғырту аясында мемлекеттік органдардың, Денсаулық сақтау (medinfo.kz) және Еңбек (enbek.kz)министрліктерінің дерекқорларымен интеграция жасалып, әр мұғалімге қатысты құжаттар цифрландырылды. 2023 жылдың 4-тоқсанында Агенттіктің бастамасымен еліміздің үш өңірінде (Павлодар, Ақмола және Түркістан облыстары) қолданыстағы бухгалтерлік жүйелер базасында цифрлық шешімдерді енгізу бойынша қанатқақты жоба іске қосылды. Жалпы, жоба өзінің тиімділігін көрсетті, ал жаңа цифрлық шешімдер кең ауқымды пайдалануға дайын. Тұжырымдаманы одан әрі іске асыру тұрғысында пара беру уәдесі мен ұсынысын криминализациялау, заңды тұлғалардың жемқорлық үшін жауапкершілігін күшейту, сыбайлас жемқорлардың жария тізілімін енгізу бойынша заңнамалық шаралар топтамасы әзірленді.

- Жемқорлық мемлекетке зор залал келтіретіні анық. Кейінгі жылдары мүлік түріндегі активтер мен қаражатты мемлекетке қайтару қаншалықты қамтамасыз етілді?

- 2022 жылдан бері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мемлекетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне 1,03 трлн теңгеден астам сомаға мүлік активтері мен ақшалай қаражаттың қайтарылуын қамтамасыз етті. Бұл жұмыстың нәтижелері бірқатар жоғары лауазымды адамдарға, олигополия субъектілеріне және басқа да шенеуніктерге қатысты қылмыстық істерді тергеп-тексерумен қорытындыланды. Мысалы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аяқтаған қылмыстық істері бойынша «ӨКМ «Операторы» ЖШС бойынша Қостанай және Қарағанды облыстарында орналасқан, жалпы құны 20 млрд теңгеге жуық 2 зауыт мемлекет меншігіне берілді. Тағы бір мысал ретінде Қостанай облысындағы никель мен кобальттың ірі қорлары бар бірегей «Шевченковское» кен орнының үлестес тұлғаларына заңсыз беру түрінде ауыр зардаптарға әкеп соққан лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны үшін сотталған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бұрынғы вице-министрі Тоқтабаевтың ісі болды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қабылдаған шараларға сай, сотқа дейінгі тергеу сатысының өзінде құны 5,6 трлн теңгеден асатын пайдалы қазбалар қоры бар кен орны мемлекетке берілді.

Мемлекетке қайтарылған активтердің едәуір бөлігі Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты қылмыстық істерге тиесілі. Мәселен, биылдың алғашқы екі айында ғана ол бюджетке 185 млн АҚШ долларын қайтарды. Бұл ретте, 82,6 млрд теңгеден асады.

Небәрі екі жылдың ішінде ол сомасы 732,8 млрд теңгеден асатын активтерді қайтарды. Негізгі бөлігі – ақшалай қаражат, оның ішінде 661 млн АҚШ доллары шетелден және 70 млн АҚШ доллары қазақстандық шоттардан. Бұлардың барлығы тікелей бюджетке түсті. Ол қайтарған активтердің қалған бөлігін әкімшілік ғимараттар, қымбат бағалы үйлер, пәтерлер, автокөліктер, коммерциялық үй-жайлар, зергерлік бұйымдар, акциялар мен компаниялардағы үлестер, теміржол телімдері және басқа нысандар құрады.

Біз қайтаратын барлық мүлік пен ақша тек мемлекеттің пайдасына түседі. Тиісті растайтын құжаттар бар. Президент жемқорлықтан алынған қаражатты мектеп құрылысына жіберу туралы тапсырма берді. Осы бағытта Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қаржы министрлігімен және басқа да мүдделі органдармен бірлесіп, Бюджет кодексіне тиісті түзетулер әзірлеп, енгізді. Нәтижесінде, білім беру инфрақұрылымын қолдаудың арнайы қоры құрылды, онда қазір мектептерді салуға әрі жөндеуге пайдаланылатын шамамен 153 млрд теңге бар. Қор қаражатынан 43 мектеп салынып, пайдалануға берілді, 19 мектептің құрлысыаяқталу сатысында, 2025 жылға тағы 20 мектеп жоспарланған.

- Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсету бойынша бірқатар тапсырмалар берген болатын. Еліміздегі кәсіпкерлікті дамытуға және бизнес қауымдастықтың құқықтарын қорғауда Агенттіктің рөлі қандай?

- Президенттің бизнесті мемлекеттік органдардың заңсыз араласуынан қорғау жөніндегі тапсырмасына ерекше көңіл бөлінеді. Бизнес тек тексерулер мен мемлекеттік аппараттың әкімшілік қысымынан ғана зардап шекпейді. Бизнес жылуға, жер теліміне, электр энергиясына, жеңілдетілген мемлекеттік қаржыландыруға ашық және әділ қол жеткізуді қажет етеді. Осы түйткілдердің басым бөлігі жемқорлық фактілерімен байланысты. Бұл өз кезегінде себептерімен емес, салдарымен күресу дегенді білдіреді. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2023 жылғы 23 қаңтардан бастап Агенттік «Бизнеске жол» жобасын іске асырып келеді. Жоба аясында әкімшілік кедергілер мен құжаттарды ресімдеу кезінде әуре-сарсаңға тап болған кәсіпкерлерге күн сайын көмек көрсетудеміз, осыған қатысты жемқорлық тәуекелдерін жойып жатырмыз. Бұл тұрғыда тұрақты түрде білікті заңгерлерді штатта қамти алмайтын шағын және орта бизнеске екпін қойылған.

Әрбір анықталған мәселе бойынша түпкілікті шешімін тапқанға дейін толық сүйемелдейміз. Қазір кез келген кәсіпкер әрбір аумақтық департамент жанында және Агенттіктің өзінде ашылған Антикор-орталықтарына жүгіне алады. Бұл ретте, 618 проблемалы кейс шешілді, 30 000-ға жуық кәсіпкерге көмек көрсетілді, 1 300 кездесу өткізіліп, оған 17 мың кәсіпкер қатысты, 34 жүйелік проблема жойылды.

Мысалы, бұрын мемлекетіміз бойынша әкімдіктер азаматтар мен бизнестің өтініштерін жер комиссияларына жіберіп, жерді жалға алуды ұзартуды жасанды түрде кешіктіріп отырған. 2020-2022 жылдары олардың саны 15 мыңға жуық болды. Заңда мұндай рәсім көзделмеген, ал жер комиссияларының тиісті өкілеттіліктері жоқ. Біздің ұсынысымыз бойынша мұндай тәжірибе тоқтатылды. Қарапайым кәсіпкер үшін рәсімдерді жеңілдету, бизнесті жүргізудің тең және әділ шарттарының болуы маңызды.

- Сыбайлас жемқорлық әрекеттері қоғамның әрбір саласында тамырын жайған. Қоғам белсенділері мен жұртшылық осындай індетпен күреске қаншалықты белсенді араласып жүр? Халықтың жемқорлыққа қарсы іс-қимылға қосқан үлесі бойынша нақты мысалдар келтіре аласыз ба?

- Бұған дейінгі тәжірибе көрсеткендей, қылмыскерлерді жауапкершілікке тарту және жазалау тәсілі арқылы жемқорлыққа қарсы күрес жүргізудің дәстүрлі әдістері аздық етеді. Азаматтардың құқықтық сана деңгейін арттыру бойынша сапалы алдын алу жұмыстары қажет.

Бұл ретте, былтыр тамыз айында Агенттік «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасын іске қосты. Жоба аясында азаматтар бюджет қаражатын жұмсау тиімділігіне және өңірлердің проблемаларына мониторинг жүргізеді, жемқорлыққа қарсы іс-шараларды ұйымдастыру мен осы тақырыптағы әлеуметтік роликтерді әзірлеуге атсалысады. Қазіргі кезде еріктілер қатарына 2,5 мыңнан астам адам қосылды. Олардың атқарған жұмысының арқасында 3 млрд теңгеден астам сомаға мемлекеттік сатып алу бағасының негізсіз артуына жол берілмеді. Мысалы, «Өркен» Шығыс Қазақстан өңірлік ғылыми-әдістемелік білім беру орталығы 2024 жылға интернетке қол жеткізу қызметін 303 млн теңге сомасына сатып алу бойынша конкурс жариялады. Бұл қызмет басқа тапсырыс берушілерде 3-5 млн теңге шегінде бекітілген. Қабылданған шаралар нәтижесінде 300 млн теңге үнемделді.

Сонымен қатар, Маңғыстау облысы энергетика және ТКШ басқармасының «Каспий жылу, су арнасы» МКК бюджетке 200 млн теңгеге жуық қомақты соманы қайтарды. Нақтырақ айтқанда, 2023 жылға арналған сатып алу жоспарында 247,7 млн теңге сомасына «үш тізбекті станцияның» біреуін сатып алу жоспарланған болатын, ал тауардың біреуіне нарықтық бағасы 45-50 млн құрайды. Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде оның құны 49,6 млн теңгеге дейін төмендетілді.

Бұдан бөлек, Ақтөбе облысының еріктілері қалдықтарды шығаруға байланысты тарифтерді негізсіз көтеру фактісін анықтады. Мәселен, халық үшін тұрмыстық қалдықтарды жинау мен сұрыптау тарифтері былтырдың тамыз айының соңынан бастап ұлғайды, бірақ халыққа қайта есептеу 2023 жылдың шілдесінен бастап заңсыз жүргізілгені белгілі болды. Осы мәселе бойынша аумақтық департамент әкімдікке ұсынысхат жолдады. Нәтижесінде, 42 млн теңгеден астам сомаға 170 мыңдай абонент төлемі қайта есептелді.

Барлық өңірде еріктілер тұрғын үйлерді, балалар ойын алаңдарын, автокөлік жолдарын, студенттік жатақханаларды, ТКШ объектілерін абаттандыру сапасына мониторинг жасайды, соның нәтижесімен мемлекеттік органдар мен ұйымдар заң бұзу деректеріне қатысты кемшіліктерді жойып жатыр.

Алматы облысында еріктілердің жемқорлыққа қарсы мобильді топпен бірге адамдар көп шоғырланатын орындарға бару тәжірибесі енгізілді. Олар Қазпошта пункттері, әкімдіктер, ХҚКО-лар, мектептер, базарлар мен ірі сауда орталықтарында халықпен кездесіп тұрады. Мобильді топ жалпы 30 елді мекенді аралап, 570-тен астам сұрағы бар 1250-ге жуық адамды қабылдады. Өз кезегінде, сұрақтардың тең жартысы бірден шешімін тапты. Сонымен қатар, өтініш білдірушілер тегін құқықтық кеңес алды. Аймақтардағы корпоративтік волонтерлік аясында 186 бизнес субъектісі осы жобаны қолдап, өз объектілері мен өнімдеріне жемқорлыққа қарсы мәліметті орналастырды. Аталған нәтижелер жобаның тиімділігін көрсетеді. Сол себепті, азаматтарды жемқорлыққа қарсы волонтерлікті одан әрі дамытуға үлес қосуға шақырамыз. Өйткені жемқорлықпен ымырасыз күресте көбі қоғамның әрбір мүшесінің белсенді болуына байланысты.

- Былтыр күзде Мемлекет басшысына жемқорлық тәуекелдері картасына енген, құрылысы ұзаққа созылған 150-ден астам нысанның жағдайы туралы баяндаған болатынсыз. Қазір сол объектілердің құрылысы қай деңгейде?

- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өңірлерде жемқорлық тәуекелдерінің карталарын іске асыру аясында құрылысы тым кешіктірілген 156 әлеуметтік нысанды бақылауға алды. Аумақтық департаменттеріміз жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп заң бұзуға жол бермеу және нысандардың құрылысын аяқтау бойынша шаралар жоспарларын әзірледі. Жымқыруға жол бермеу мақсатында кешенді алдын алу шаралары қолданылады. Атап айтқанда, мониторинг, ақпараттық хаттар, комиссия отырыстары және т.б. Қажет болған жағдайда, аудиторлық тексерулер тағайындалып, олардың негізінде тиісті процестік шешім қабылданады.

Проблемалы объектілерді салу мәселелері жергілікті әкімдер жанындағы жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссиялардың отырыстарына шығарылады, сондай-ақ қоғамдық кеңестерде қаралады.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы шеңберінде осы объектілердің құрылыс барысына қоғамдық мониторингтер жүргізіледі.

Жүргізілген жұмыстың нәтижесі бойынша 38 нысанның құрылысы аяқталды. Олардың ішінде сумен жабдықтау нысандары, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, мектептер, медициналық объектілер, тұрғын үйлер, спорт залы, көпірді, жолдарды және көшелерді жөндеу, қазандықтар мен бөгеттік гидроторапты қайта жаңарту және тұрғын үй құрылысына арналған инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым бар.

Атап айтқанда, Павлодар қаласындағы Авиақалашық шағын ауданындағы екі тұрғын үй бар, олардың құрылысына бюджеттен шамамен 755 млн теңге бөлінген. Бұл нысандар бір жыл ішінде салынуы керек еді. Алайда олардың құрылысы 5 жылға созылды. Мұның себебі – ЖСҚ-дағы кемшіліктер және жер жұмыстарындағы іргетас құрылысы есебіндегі қателіктер. Биылдың ақпан айының соңында бұл нысандар пайдалануға берілді.

Өздеріңіз білетіндей, әлі де жекелеген аймақтардың мектептерінде оқушы орындары жетіспейді, балалар лық толы сыныптарда оқиды. Атқарылған жұмыс нәтижелері бойынша Астана қаласында, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Түркістан облыстарында 9 мектептің құрылысы аяқталды. Мысалы, Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының кентінде 300 орындық мектеп келісімшарттық міндеттемелердің орындалмауына байланысты 2 жылдан астам уақыт бойы салынып келген. Осы уақыт ішінде бұл ауылдың тұрғындары балаларды көрші аудандарға оқуға апаруға мәжбүр болды.

Сонымен қатар, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Батыс Қазақстан және Жамбыл облыстарының 14 елді мекенінде су құбырларының құрылысы аяқталды. Олардың құрылысы бір жылдан үш жылға дейін созылған. Сондай-ақ, 6 спорт кешенінің құрылысын аяқтауды қамтамасыз еттік. 2 жылдан астам уақыт бойы ШҚО Ұлан ауданы Бозанбай ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс нысаны салынды.

Тиісті іс-шаралар нәтижесінде талаптарға сәйкес келмейтін әрі орындалмаған жұмыс үшін 20 млн теңге бюджет қаражатын ұтымсыз пайдаланудың алдын алдық. Бұл нысандардың әрқайсысы өңірлердің тұрғындары үшін әлеуметтік маңызға ие, олардың уақтылы аяқталуы олардың өмір сүру сапасына әсер етеді.

- Асхат Жұмағалиұлы, өзіңіз атап өткен бағыттар бойынша жұмыстардан бөлек, жемқорлықпен күрес ең алдымен заңнамалық деңгейде жүргізілу қажет деп ойлаймын. Осы ретте, сыбайлас жемқорлық мәселесі бойынша қандай нормативтік- құқықтық актілер қабылданбақ?

- Агенттік жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыруды және іске асыруды жүзеге асыратын уәкілетті орган ретінде жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімді жүйесін қалыптастыру бағытында дәйекті шараларды қабылдап жатыр. Заңнаманы жетілдіру жөніндегі негізгі бағдарымыз – қоғамның пікірі, құқық қолдану тәжірибесі және халықаралық жемқорлыққа қарсы стандарттар. Агенттіктің 2019 жылы құрылған сәтінен бастап жемқорлыққа қарсы түзетулердің төрт топтамасы іске асырылды, ал қазіргі кезде заңнамалық бастамалардың бесінші топтамасы Парламент Мәжілісінің қарауында. Оның аясында халықаралық аренада қолдау тапқан жемқорлыққа қарсы күрестің тиімді стандарттары енгізіледі.

Қабылданған және іске асырылып жатқан заңнамалық бастамаларға қысқаша тоқталып өтейін. 2019 жылдың қарашасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама институты енгізілді. Заңдар мен заңға тәуелді актілердің барлық жобалары «сыбайлас жемқорлыққа қарсы електен» өтеді. Басшылар қарамағындағы адамдардың жемқорлығы үшін дербес жауапты болды. 2020 жылы жемқорлық фактілері туралы хабарлаған азаматтарды көтермелеу жүйесі жетілдірілді, сондай-ақ лауазымды тұлғалардың сыйлықтар беруіне және алуына мүлдем тыйым салынды. Мемлекеттік ұйымдарда жақын туыстардың бірге жұмыс істеуі айтарлықтай шектелді. Квазимемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілік күшейтіліп, комплаенс-қызметтер енгізілді (06.10.2020ж. Заң).

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс институтын әдіснамалық қолдау мен тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында Агенттіктің (2023 жылғы 31 наурыздағы №112) бұйрығымен Квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтер туралы үлгі ереже бекітілді. Үлгілік ереже жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтердің мақсаттарын, міндеттерін, қағидаттарын, функцияларын және есепті ақпаратты беру тәртібін айқындайды. 2021 жылы жемқорлық қылмыстар үшін жауапкершілік едәуір қатаңдатылды. Ауыр және аса ауыр жемқорлық қылмыстар бойынша сотталғандар үшін ең төменгі қауіпсіздіктегі ҚАЖ мекемелерінде (колония-қоныстары деп аталатын) жазасын өтеу және мерзімінен бұрын босатуды қолдану мүмкіндігі алынып тасталды.

Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьяларға жемқорлық үшін жаза қатаңдатылды. Парақорлықтың санкциясы 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға апарады. Бұдан көп мерзім тек адам өлтіргендер мен зорлық-зомбылыққа беріледі.

Мемлекеттік қызметшілерге, Парламент депутаттарына, судьяларға Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде орналасқан шетелдік банктерде шоттар ашу және иелену бойынша жемқорлыққа қарсы жаңа шектеу енгізілді (19.12.2020ж. Заң). Мемлекеттік қызметшілердің табыстары мен мүлкін кезең-кезеңімен жалпыға бірдей декларациялау енгізілді, ал 2025 жылдан бастап бұл барлық азаматтарды қамтиды.

2022 жылғы ақпанда Мемлекет басшысы 2022-2026 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тұжырымдамасын нақты іс-шаралар жоспарымен бекітті. Жоспар 3 негізгі бағытты қамтитын алдағы бес жылда жүзеге асырылатын 60-тан астам жүйелік шараны көздейді:

  • сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру;
  • сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жою;
  • сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз ету.

Қарапайым сөзбен айтқанда, адам жемқор болғысы келмеу керек, оның жемқорлыққа мүмкіндігі болмау керек және ол жемқор болудан қорқу керек. Біздің жұмысымыз осы аталған үш бағытты қамтып отыр. ЭЫДҰ елдерінің даму деңгейіне жету мақсатында Агенттік Тұжырымдаманы әзірлеу кезінде азаматтардың пікірін және озық халықаралық стандарттарды барынша есепке алуға көңіл бөлді.

2023 жылғы қаңтарда ақпарат берушілерді қорғау және негізсіз байығандарға жауапкершілік заңнамалық деңгейде енгізілді. Мұның мәнісі, егер шенеунік кірістер мен шығыстардың айырмашылығын түсіндіре алмаса, ол бюджетке алынады. Егер сәйкессіздіктерде едәуір алшақтық болса, ол теріс себептермен мемлекеттік қызметтен шығарылады. Мұндай жауапкершілікті енгізу жалпыға бірдей декларациялау процесінде шешуші рөл атқарады. Осы Заңда жемқорлық фактілері туралы хабарлаған адамдарды қорғау шаралары да белгіленген. Жемқорлық фактілері туралы хабарлаған адамдарды тәртіптік комиссияның немесе өзге алқалы органның ұсынымдарынсыз тәртіптік жауапкершілікке тартуға, лауазымынан босатуға немесе басқа лауазымға ауыстыруға болмайды. Бұл ретте, мемлекеттік орган немесе ұйым алқалы органның отырысына қатысу үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өкілін шақыруға міндетті.

Қазіргі кезде Агенттік әзірлеген екі заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауында. Біріншіден, жемқорлардың жария тізілімін енгізу ескерілген. Тізілімге ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасағаны үшін сотталғандар туралы мәліметтер енгізіледі. Оған енгізуге соттың заңды күшіне енген айыптау үкімі негіз болады. Ал, тізілімнен шығару ақтау үкімінің заңды күшіне енуі және соттылықтың өтелуі негізінде мүмкін болады. Бұл реестр Агенттіктің сайтында орналастырылады. Жемқорлардың жария тізілімі тиімді профилактикалық тетік болатынына сенімдімін. Мұндай тізілімді енгізу қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті адамның жемқорлық жасағаны туралы ақпараттың жария болуы және қылмыс фактісінің ұятты іс-әрекет болуы арқылы қалыптастырады.

Екіншіден, параны ұсыну немесе пара беруді уәде етуге жазаны күшейту қарастырылған. Қолданыстағы халықаралық тәжірибені ескере отырып және жүргізілген келісімдердің нәтижелері бойынша Қылмыстық кодексті 366-1 («Пара алуға келісім беру, пара сұрау немесе талап ету»), 367-1 («Параны ұсыну және уәде ету») жаңа баптармен толықтыру ұсынылды.

366-1-баптың бірінші бөлігі мемлекеттік қызметшінің пара алуға келісім бергені үшін оның 1000 АЕК-ке (3 млн 692 мың теңге) дейінгі айыппұл түріндегі немесе 1 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу бойынша қылмыстық жауаптылығына әкеп соғады.

Екінші бөлігі бойынша пара сұрағаны немесе талап еткені үшін 2000 АЕК-ке (7 млн 384 мың теңге) дейінгі айыппұл түріндегі немесе 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру санкциясы көзделген.

Пара ұсынуды/уәде етуді қылмыс деп тану қоғамда пара туралы әңгіменің өзі қолайсыз болатындай тиісті мәдениетті қалыптастырады, бұл мемлекетке зиян келтірілгенге дейін парақорлықтың жолын кесуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, заңды тұлғалардың жемқорлық үшін жауапкершілігін күшейту жөніндегі заң жобасын атап өткім келеді. Жасалған қылмысқа пропорционалды санкциялары көзделген заңды тұлғалардың жемқорлық қылмыстары үшін тиімді жауапкершілін енгізу ГРЕКО мен ЭЫДҰ-ның негізгі ұсынымдарының бірі саналады.

Осылайша, атқарылып жатқан заң шығару жұмысының нәтижелері жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысқа, оның ішінде активтерді уақтылы әрі толық қайтаруға оң әсер етеді. Біз халықаралық ынтымақтастықты белсенді дамытып, озық тәжірибені зерделеу және енгізу үшін өз мамандарымызды шет елдерде білімін шыңдауға үнемі жібереміз. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімділігі үйлестірілген қызметті, оның ішінде халықаралық деңгейдегі жұмысты талап етеді.

- Былтыр ақпан айында соңғы үш жылда арнайы ХҚКО қызметіндегі жемқорлық туралы 23 қылмыстық іс тергелгені хабарланды. Бұл істер бойынша жүргізуші куәлігін беру кезінде заңсыз іс-әрекеттер жасалған. Осы ретте, заңсыз берілген жүргізуші куәліктерін кері қайтару бойынша шаралар қабылданды ма? Жалпы, биыл жүргізуші куәлігін алу, автокөлікті тіркеу саласында заңсыз әрекеттер анықталды ма?

- Әрине, бұл бағытта ауқымды іс-шаралар атқарылды. Агенттік тарапынан аталған қылмыстық істер аясында анықталған заңсыз әрекеттер бойынша ішкі істер органдарына тиісті жүргізуші куәліктерінің күшін жою туралы хаттар жолданды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ХҚКО-ларда автокөлікті тіркеу кезіндегі манипуляцияларды анықтады. Сонымен, жылдың басында Арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарына қатысты тергеп-тексеруді аяқтады.

Қылмыстық топ 2022 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында заңнамада көзделген алымдар мен төлемдерді төлемей, шетелден әкелінген 475 автокөлікті заңсыз тіркеген. Бұл әрекеттер мемлекетке аса ірі мөлшерде - 1,4 млрд теңге сомасында залал келтірді. Ақпараттық жүйелер жұмысындағы олқылықтардың себебінен автокөліктерді тіркеуге байланысты мемлекеттік баждар мен төлемдердің көп бөлігі бюджетке түспеді. Мұндай кемшіліктерді жоюдың арқасында 2023 жылы тіркелген көліктің осыған ұқсас санымен бюджет түсімдері (2022 жылмен салыстырғанда) 9 есеге ұлғайып, 91,4 млрд теңгені құрады.

Сондай-ақ, биылғы 25 сәуірде Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты арнайы ХҚКО мен полиция қызметкерлеріне және азаматтық тұлғаларға қатысты үкімді жариялады. Сот үкімімен 32 адам сотталды, оның ішінде қылмыстық топтың ұйымдастырушылары – Астана қаласының №2 Мамандандырылған ХҚКО басшысы Ш. Бөкебаев пен Астана қаласының Арнайы ХҚКО мамандары А. Там-Оглы мен Х. Там-Оглы 9 жылға, 5 топ мүшесі 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал ХҚКО маңында жүріп, өз көмектерін ұсынатын 17 адамға әртүрлі мерзімдер бойынша бас бостандығынан айыру және шектеу түріндегі жаза берілді.

Бұдан бөлек, Агенттік Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, арнайы ХҚКО қызметіне мониторинг жүргізді. Шара барысында заңға қайшы түрде автокөліктерді тіркеу мен жүргізуші куәліктерін беру шарттары анықталды. Атап айтқанда, ақпараттық жүйелердің қорғалмағаны, процестерді цифрландырудың жеткіліксіздігі, автокөлікті тіркеу рәсімінің жетілмегендігі, емтихандарды қабылдаудың құқықтық олқылықтары, автомектептерде формалды оқытылуы белгілі болды. Осы факторлардың барлығы заңсыз делдалдық қызметтердің пайда болуына ықпал етті. Мониторинг нәтижелері бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі уәкілетті мемлекеттік органдарға бірқатар ұсыныстар жолдады. Біздің ұсыныстарымыздан кейін арнайы ХҚКО мен ІІМ-де автокөлікті тіркеу бойынша жаңа ақпараттық жүйелер іске қосылды. Өтінімдерді ресімдеу және қарау кезіндегі деректерді түзету мүмкіндіктері алынып тасталды. Енді өзгерістерді тек әкімшілік полиция комитеті енгізе алады.

Тергеу барысында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ-ға автокөліктерді тіркеу тәртібінен мәміленің жазбаша түрін алып тастау туралы ұсыныс енгізілді. Нәтижесінде, биылғы 10 сәуірден бастап бұл мәмілелер автокөлік иесінің ЭЦҚ кілтін міндетті түрде пайдалана отырып (Қағидаларға тиісті өзгерістер енгізілді) электрондық нысанда ресімделеді.

Бұл шара мыңдаған қылмыстық құқық бұзу әрекетерін алдын алып, арнайы ХҚКО қызметкерлері жағынан айла-тәсіл жасаудың жолын кесті. Сондай-ақ, өтінімдерді тіркеу рәсімі жеңілдетілді. Енді бұл үшін тек ЖСН енгізу қажет, ал қалған деректер басқа ақпараттық жүйелерден автоматты түрде толтырылады. Бұл ретте, жүйенің өзі міндетті төлемдердің, айыппұлдардың және екінші деңгейдегі банктердің түбіртектерін тексереді.

Жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыру ережесі өзгертілді. Сонымен қатар, Ішкі істер министрінің бұйрығымен жүргізуші куәліктерін беру рәсіміне мыналар енгізілді: емтихан тапсырушылардың міндетті биометриясы, тестілеу процесін толық бейне жазбаға түсіру, емтихандарды қайта тапсыру регламенті өзгертілді. Яғни, талаптарды күшейту арқылы өз қызметін ұсынып жүрген түрлі «көмекшілердің» қызметі тоқтатылды.

Бұдан бөлек, 2023 жылғы желтоқсанда ХҚКО қызметкерлерін жемқорлық құқық бұзушылық субъектілеріне жатқызуға қатысты заңнамаға маңызды түзетулер енгізілгенін еске саламын. Бұл өзгерістер 2025 жылғы қаңтардан бастап күшіне енеді. Түзетулер қызметкерлерге теріс іс-қимылдар мен құқық бұзу әрекеттерін жасауға жол бермеуге және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған.

Соңғы жаңалықтар
telegram