Оның айтуынша, заңсыз қоқыс үйінділерін анықтау және жою жұмыстары 2018 жылдан бері Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының бірлескен спутниктік мониторингі арқылы жүргізіліп келеді.
– Биылғы мониторинг барысында еліміз бойынша 884 заңсыз қоқыс полигоны анықталған. Қазіргі уақытта олардың 196-сы жойылды. Ең көп заңсыз қоқыс полигоны Абай облысында тіркелген. Өңірде 137 нысан анықталса, Қостанай облысында олардың саны 113-ке, Ұлытау облысында 100-ге жеткен, – деді Ерболат Қожықов.
Комитет төрағасының мәліметінше, мониторинг жұмыстары Астана, Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Ақтөбе, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында әлі де жалғасып жатыр.
Сонымен қатар соңғы жылдары заңсыз қоқыс полигондарының саны біртіндеп азайып келеді. Мәселен 2020 жылы ел бойынша 8 884 заңсыз қоқыс орны анықталса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 3 828-ге дейін төмендеген.
Алайда кейбір өңірлерде қоқыс үйінділерін жою жұмыстары әлі де жеткіліксіз. Осыған байланысты биыл жергілікті атқарушы органдардың 15 лауазымды тұлғасы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға жалпы сомасы 3,7 млн теңге айыппұл салынған.
Еске сала кетейік, елордада көшеге қоқыс тастаған азаматтар 446 миллион теңге айыппұл төлеген.