Қазақстанда жыл басынан бері 900-ден астам қару тәркіленді – ІІМ

АСТАНА. KAZINFORM — Ішкі істер министрлігі құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету шараларын күшейтеді, оның ішінде заңсыз айналымдағы қаруды тәркілеу жұмыстары да бар, деп хабарлайды Polisia.kz.

Фото: ҰҚК

ІІМ криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетовтің сөзінше, жыл басынан бері 900-ден астам қару тәркіленді, оның ішінде қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 74 қару бар. Сондай-ақ айналымнан төрт мыңнан астам оқ-дәрі алынған.

— 27-29 сәуір аралығында елде «Құқықтық тәртіп» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасының екінші кезеңі өткізілді. Үш күн ішінде 67 дана атыс қаруы және түрлі калибрдегі 200-ден астам оқ-дәрі тәркіленді. 27 сәуір күні Алматы қаласында полиция қызметкерлері Сайран көлінің жағасынан қаңтар оқиғасы кезінде қару-жарақ дүкенінен ұрланған қаруды анықтады, — деді Қанат Нұрмағамбетов.

Ішкі істер министрлігі заңсыз сақталған қаруды ерікті түрде тапсыру қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босататынын ескертті.

— Азаматтарды заңсыз сақталған қаруды тапсырып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өз үлесін қосуға шақырамыз, — деді ІІМ криминалдық полиция департаментінің бастығы.