Басқосуда асқазан-ішек жолы ауруларын диагностикалау мен емдеудегі эндоскопияның заманауи мүмкіндіктері, сараптамалық визуалды диагностика және аз инвазиялық емдеу әдістерін дамыту мәселелері талқылануда.
Мамандардың мәліметінше, бүгінде Қазақстанда 400-ге жуық эндоскопист дәрігер жұмыс істейді. Елімізде жыл сайын шамамен 1,5 миллион эндоскопиялық зерттеу мен араласу жүргізіледі.
Сарапшылардың айтуынша, бұл бағыттың дамуы обыр алды өзгерістер мен онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтауға, сондай-ақ ағзаны сақтайтын және аз инвазиялық емдеу технологияларын кеңінен қолдануға мүмкіндік беріп отыр.
– Эндоскоптардың заманауи буыны шырышты қабықты, тамырлық және беткі құрылымды нақты уақыт режимінде егжей-тегжейлі бағалауға мүмкіндік береді. Бүгінде арнайы спектрлі, zoom және 3D-эндоскопия қарқынды дамып келеді. Диагностиканың сапасын едәуір жақсартатын және обырды ең ерте сатысында анықтауға көмектесетін жаңа визуализация режимдері пайда болуда, – деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық ғылыми онкология орталығының сараптамалық эндоскопия бөлімшесінің меңгерушісі Қанат Батырбеков.
Оның айтуынша, бұрын ашық хирургиялық операцияларды қажет еткен көптеген араласулар бүгінде эндоскопиялық әдіспен жүзеге асырылады.
– Қазіргі таңда көптеген операциялар тіліксіз, жарақаттылығы төмен тәсілмен жасалады. Бұл науқастың ауруханада жату мерзімін қысқартып, тезірек қалпына келуіне мүмкіндік береді, – деді маман.
Форум аясында тәжірибе алмасуға ерекше назар аударылуда. Іс-шараның екінші күні өңеш, асқазан және ішек ауруларына жасалатын жоғары технологиялық эндоскопиялық операциялардың тікелей эфирдегі көрсетілімі ұйымдастырылады.
Сонымен қатар жиын барысында заманауи эндоскопиялық жабдықтар мен диагностика және емдеуге арналған инновациялық шешімдердің көрмесі ұсынылды.
Мамандардың пікірінше, жаңа технологиялар аз инвазиялық медицинаны дамытуға және онкологиялық әрі гастроэнтерологиялық аурулармен күресте отандық денсаулық сақтау жүйесінің мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.
Айта кетейік, Қазақстанда өкпенің сирек ауруына шалдыққан пациентке алғаш рет күрделі ота жасалды.