Қазақстанда жылу-электр орталықтарының 50 негізгі жабдығына күрделі жөндеу аяқталды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда алдағы жылыту маусымына дайындық аясында электр станцияларындағы 50 негізгі жабдыққа күрделі жөндеу толық аяқталды, деп хабарлайды Энергетика министрлігі.

Фото: Астана әкімдігі

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Энергетика министрлігі Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Ернар Хасенов мәлімдеді.

Оның айтуынша, жылыту маусымына дайындық жоспарлы режимде жүріп жатыр. Комитет пен оның аумақтық департаменттері энергетикалық нысандардағы жөндеу жұмыстарының сапасы мен белгіленген мерзімдердің сақталуына тұрақты мониторинг жүргізіп келеді.

Биыл электр станцияларында 9 энергия блогын, 55 қазандық пен 51 турбинаны күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Жөндеу науқанына 384 млрд теңге қарастырылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9%-ға көп.

Қазіргі уақытта 3 энергия блогында, 26 қазандықта және 21 турбинада жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Ал негізгі жабдықтардың 50 бірлігінде күрделі жөндеу толығымен аяқталған. Олардың қатарында 4 энергия блогы, 28 қазандық және 18 турбина бар.

– Жылыту маусымына дайындық жоспарлы режимде жүргізілуде. Комитет пен оның аумақтық департаменттері энергетикалық нысандардағы жөндеу жұмыстарының сапасы мен мерзімдерінің сақталуына тұрақты мониторинг жүргізіп келеді, – деді Ернар Хасенов.

Электр желілерінде де ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бүгінге дейін 17,1 мың шақырым электр беру желісі күрделі жөндеуден өтті. Жоспарланған 444 қосалқы станцияның 404-інде жұмыстар аяқталды. Бұл жалпы көлемнің 91%-ын құрайды. Бұдан бөлек, 3 209 тарату пункті мен трансформаторлық қосалқы станция жөнделді.

Жылу желілерін жөндеу және реконструкциялау бойынша биыл 377 шақырымды қамту жоспарланған. Қазіргі уақытта жұмыстардың орындалу деңгейі 89%-ға жетті. Жөндеу науқаны аяқталғаннан кейін жылу желілерінің орташа тозу деңгейін 48%-ға дейін төмендету көзделіп отыр.

Жылыту маусымына қажетті отын қорын жинақтау да жалғасып жатыр. Қазіргі кезде энергия көздерінің қоймаларында 4,2 млн тонна көмір және 131 мың тонна мазут бар.

Алдағы жылыту маусымында коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халыққа жалпы 7,5 млн тонна көмір қажет болады. Оның 1,6 млн тоннасы коммуналдық-тұрмыстық секторға, 5,7 млн тоннасы халыққа арналған. Қажетті көлемдер бекітілген жоспар-кестеге сәйкес жеткізілмек.

Көмірдің уақытылы жеткізілуін қамтамасыз ету үшін оның өндірушіден өңірлерге дейінгі қозғалысы тұрақты бақылауда. Осы бағытта барлық мүдделі тараптардың қатысуымен Республикалық штаб жұмысын жалғастырып жатыр.

Айта кетейік, Өскемен ЖЭО-да жаңа энергоблоктың құрылысы басталды.