Қазақстанда жүк тасымалдауды жеделдету үшін QR-код пен цифрлық паспорт енгізілді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда жүк көліктерінің шекарадан өтуін жеңілдету үшін QR-код пен жүк тасымалдаудың цифрлық паспорты енгізілді. Бұл туралы Астанада өтіп жатқан New Silk Way халықаралық форумында Көлік вице-министрі Дамир Қожахметов мәлімдеді.

Фото: Kazinform\ЖИ

Оның айтуынша, Көлік министрлігі жүк тасымалын цифрландыру аясында Smart Cargo платформасын және логистиканы бақылау орталығын құрып жатыр. Жаңа жүйе шекарадан жүк өткізуді жеңілдетуге бағытталған.

— Smart Cargo жобасы аясында QR-кодты, бірыңғай паспортты және жүк тасымалдаудың цифрлық паспортын енгіздік. Қазірдің өзінде алғашқы нәтижелер бар. Бүгінге дейін 11 мыңға жуық жүк тасымалының цифрлық паспорты рәсімделді. Сонымен қоса, платформаға 15 мыңнан астам көлік пен тасымалдаушы тіркелді, — деді вице-министр.

Дамир Қожахметовтің айтуынша, Smart Cargo көлік саласында жүзеге асырылып жатқан ірі цифрлық жобалардың бірі. Министрлік жасанды интеллектіні жүк ағынын бақылауға, тасымал үдерістерін талдауға және деректерді өңдеуді жеделдетуге пайдалануды көздеп отыр.

Вице-министр 2026 жылы көлік саласында жасанды интеллектіні қолдануға бағытталған бірнеше ірі жоба қолға алынғанын атап өтті.

Олардың алғашқы нәтижелері қазірдің өзінде белгілі болып, бірқатар жобаның тиімділігі сынақтан өткізіліп жатыр.

Айта өтейік, елордада Қазақстанның Көлік апталығы аясында «NEW SILK WAY» VIII халықаралық бизнес-форумы өтіп жатыр. Биылғы іс-шара Қазақстан мен 39 өзге мемлекеттен келген өкілдердің басын қосты. Жиынға мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, көлік-логистикалық компаниялардың, салалық бірлестіктер мен сарапшылар қауымдастығының 2 000-ға жуық өкілі қатысады деп күтілуде. Қатысушылар қатарында 338 ұйымның өкілдері бар.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан жүк тасымалын ЖИ арқылы басқаруды жоспарлап отырғаны хабарланды.