Қазақстанда жүргізушілерді оқыту үдерісіне немқұрайды қараған автомектептер жауапкершілікке тартылады

АСТАНА. 29 қазан. ҚазАқпарат - Қазақстанда жүргізушілерді оқыту үдерісіне немқұрайды қараған автомектептер жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Игорь Лепеха айтты.

Комитет басшысының сөзіне қарағанда, бұндай шаралар бүгінде Парламент Мәжілісі депутаттарының қарауындағы жаңа заң жобасында ескерілген.

Осы орайда ол жүргізушілер мектептерінде тиісті білім берілмейтіндігін, ал оқыту деңгейі ҚР ІІМ ұсынып отырған талаптарға сай келмейтіндігін қадап айтты.

«Егер де жол-көлік оқиғасын тергеу барысында жүргізуші қарапайым талаптарды білмесе немесе тиісті білім алмаса, онда бізде автомектептердегі заңды тұлғаларды жауапкершілікке тарту мүмкіндігі болады. Ал бұндай оқиға қайталанған жағдайда жол ережесін бұзушы оқыған автомектептің лицензиясын қайтару немесе қызметін тоқтата тұру мәселесі төтесінен қойылады», - деп нақтылап өтті И. Лепеха.

Естеріңізге сала кетейік, биылғы 11 қазанда ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жол-көлік оиғалары салдарынан адамдардың мерт болуы көрсеткіштерінің өсуіне алаңдаушылық білдірген еді. «Қараңыздар, өткен жылы жолдарда 2145 адам қаза тапты. Осы жылдың 9 айында 2273 адам мерт болды», - деді ҚР Президенті отырыс барысында. Ал жарақат алғандар 22 мыңға жеткен. Сонымен қатар Елбасы жол ережесін бұзушыларға қатысты заң талаптарын күшейту қажеттігін баса айта келе: «Рөлге мас күйінде отырған жүргізуші - қылмыскер. Оны бізде бар заңмен барынша қатаң жазалау керек немесе бұл заңдарды күшейту қажет», - деді.

«Бұл - барып тұрған тәртіпсіздік. Адамдардан айырылудамыз. Біз мында оларды емдеп, олардың санын әрі өмір сүру ұзақтығын арттырғымыз келеді. Ал жолда олар мерт болуда», - деді Елбасы.