Қазақстанда журналистика мамандығы қалай оқытылады
АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздің 33 жоғары оқу орнында «Журналистика және ақпарат» бойынша болашақ мамандар білім алады. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары күні қарсаңында елдегі журналистика кадрларын даярлау туралы көрсеткіштерді баяндады.
Жыл сайын мыңнан астам «болашақ журналист» диплом алады
Қазіргі уақытта еліміздің 33 жоғары оқу орны «Журналистика және ақпарат» бағыты бойынша кадрларды даярлайды. 2024-2025 оқу жылында аталған бағыт бойынша 5881 адам бакалавриатта, 287 адам – магистратурада және 73 адам – докторантурада оқып жатыр.
Олардың ішінде 2 342 студент мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде оқиды.
− 2024 жылы 1267 адам «Журналистика және ақпарат» бағыты бойынша оқуын аяқтаған (бакалавриат – 1 267 адам, магистратура – 166 адам, докторантура – 11 адам). Қазіргі уақытта білім беру мазмұнын жаңарту, оқу бағдарламаларын икемді ету бағытында жұмыстар жүргізілуде. Болашақта еңбек нарығының сұранысын ескеріп, қысқа мерзімді кәсіби бағдарламалар мен құзыреттілікке негізделген модульдік жүйелерді енгізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр, − деп жазылған министрліктің ресми жауабында.
Сонымен бірге, медиа саласына келетін кадрлардың сапасын арттыру үшін өндірістік практиканы жаңғырту, медиа ұйымдармен әріптестікті кеңейту, ЖОО мен нарықтың байланысын күшейту, медиашеберханалар мен зертханалар ашу көзделген.
Салалық бағыттар қалай оқытылады
Сонымен бірге, «Журналистика және ақпарат» мамандығы бойынша 105 білім беру бағдарламасы әзірленген. Онда Телерадиожурналистика, Цифрлық медиа, Data-журналистика, IT-журналистика, Мобилография секілді салалық бағыттар енгізілуде.
Мысалы Astana IT University «Цифрлық журналистика», «IT-журналистика» бағдарламаларын, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – магистратура деңгейінде «Data-журналистика», Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті – «Журналистика», «Цифрлық медиа», «Телерадиожурналистика» бағыттарын қосқан.
− Цифрлық трансформация мен жасанды интеллектінің дамуына орай білім беру мазмұны үнемі жаңартылып отыр. Білім беру бағдарламаларына «Веб-журналистика және трансформация», «Қазіргі медиа технологиялар», «Ақпарат нарығының конъюнктурасы», «Трансмедиа сторителлинг», «Медиа зерттеу әдістері» пәндері енгізілген. Бұл пәндер жасанды интеллект пен цифрлық құралдарды тиімді қолдана алатын заманауи журналистерді даярлауға бағытталған.
249 медиамаман «Болашақ» бағдарламасымен білім алған
2003 жылдан 2025 жылға дейін «Болашақ» бағдарламасы аясында журналистика және медиа саласы бойынша 249 маман шетелде білім алған. Олардың басым бөлігі магистратурада – 200 адам, тағылымдамада – 25 адам, бакалавриатта – 21 адам және докторантурада – 2 адам оқыған.
Қазақстандық медиамамандар білім алған жетекші оқу орындары қатарында Columbia University, New York University, University of Leeds, University of Southern California, London School of Economics, М.В. Ломоносов атындағы ММУ бар.
Мемлекеттер бойынша, олар Ұлыбритания (123 адам), АҚШ (89), Ресей (22), Германия, Қытай, Польша, Австралия, Франция, Италия, Чехия елдерін таңдаған.
Бұған дейін елдегі бірнеше БАҚ-тың редакторы жасанды интеллект елдегі журналистердің жұмысына қалай ықпал еткенін айтып берген еді.
2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев журналистердің кәсіби мерекесін бекіту жөнінде Үкіметке тапсырма берген болатын. Үкіметтің тиісті Қаулысы жарияланып, 28 маусым күні Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің мерекесі аталып өтетін болды.