Қазақстанда жыл сайын жол-көлік оқиғалары саны артып келеді - ҚР Ішкі істер вице-министрі

АСТАНА. 30 қыркүйек. ҚазАқпарат - Соңғы 10 жыл ішінде елімізде жол-көлік апаттарынан 32 мыңнан астам адамның өмірі қиылды.

Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғұмбаев мәлім етті.

«Қазақстан жолдарында соңғы 10 жыл ішінде жол-көлік апаттарынан 32 мыңнан астам адам қаза тапса, 168 мыңы жарақаттанды»,-деді вице-министр. Оның сөзіне қарағанда, жол-көлік оқиғалары саны жал сайын артып келеді және салдарынан опат болғандар азаймай отыр.

«Биылғы 8 айда 13 мыңнан астам жол-көлік апаттары тіркеліп, 1 823 адам қаза тапты, 17 мыңы жарақат алды. Былтырғы осы кезеңмен салыстырған жол-көлік оқиғалары 57 пайызға, мерт болғандар 4 пайызға, жарақат алғандар 65 пайызға артты»,-деп тоқталды ол.

Осы орайда ол елімізде көлік саны елеулі көлемде артқанын сөз етті.