Ол Қалалық патологоанатомиялық бюро базасында жұмыс істейді және бүгінгі таңда штаттық режимде қызмет көрсетіп тұр. Нысанның жобалық қуаттылығы тәулігіне 16-дан 24-ке дейін кремация жүргізуге есептелген. Кремация залында Чехиядан алынған екі пеш қойылған. Олар 800-1000 градуста жұмыс істейді.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы агенттік сауалына берген жауабында Алматыда крематорий ашылған сәттен бастап қайтыс болған адамдардың денесін өртеу бойынша 6 процедура жүргізілгенін хабарлады.
— 100 күн жұмыс ішінде 6 кремация жүргізілді. Барлық жағдайда бұл марқұмдардың көзі тірісінде нотариалды түрде куәландырылған жазбаша ерік-білдіруі негізінде жүзеге асырылды, — делінген жауапта.
Сонымен қатар ведомство көрсетілген қызмет көлемі толыққанды статистика қалыптастыруға және орнықты тенденцияларды анықтауға әлі де жеткіліксіз екенін атап өтеді. Дегенмен кремторийге кеңес алу үшін хабарласатын азаматтардың қатары артып келеді.
— Қазіргі уақытта халық тарапынан бұл қызметке деген қызығушылықтың біртіндеп өсіп келе жатқаны байқалады. Бұған урбанизация, ірі қалалардың зираттарында бос жер телімдерінің азаюы, сондай-ақ азаматтардың экологиялық сауаттылығының артуы себеп, — деп хабарлады басқарма өкілдері.
Еске салайық, Алматы әкімдігі 2020 жылы крематорийдің жобалық-сметалық құжаттамасын жасауға тендер жариялады.
Ғимараттың құрылысы 2021 жылдың желтоқсан айында аяқталса да, 2022-2023 жылдардың аралығында нысанның ашылуы қайта-қайта шегерілді.
2024 жылы Алматы әкімдігі крематорий құрылысын жүргізген мердігерді сотқа беріп, одан 2,7 млн теңге қайтарып алды.
2024-2025 жылдардың аралығында крематорийді қарауына алатын ведомствоның анықталмауынан ғимарат тағы да іске қосылмады.
Кейін нысанды қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының Қалалық патологоанатомиялық бюросы қабылдап, 2026 жылы ашылатыны белгілі болды.