Қазақстандағы ең алғашқы хоспис қалай жұмыс істеп тұр — фоторепортаж

Фото: Фото: Александр Павский/Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қаласындағы паллиативтік көмек орталығында айықпас сырқаты бар адамдарға көмек көрсетіледі.

Алматының Бостандық ауданында тәулік бойы ауыр жағдайдағы азаматтарға медициналық көмек көрсететін қаланың жалғыз медициналық ұйымы — қалалық паллиативтік көмек орталығы жұмыс істеп тұр.

Бұл мекеме Қазақстандағы алғашқы хоспис ретінде 1999 жылы маусым айында ашылған.

Фото: Александр Павский/Kazinform

Айта кеткен жөн, паллиативтік көмек — мамандандырылған емдеу мүмкіндігі шектеулі немесе мүмкін емес жағдайда ауырсынуды және басқа да аурудың белгілерін жеңілдетуге, науқас пен оның отбасына психологиялық, әлеуметтік және рухани қолдау көрсетуге бағытталған көмек түрі.

Қалалық паллиативтік көмек орталығы директорының орынбасары Аиса Омарованың айтуынша, аурухана алғашқыда ауыр онкологиялық науқастарға көмек көрсету үшін ашылған. Өйткені бұл науқастар күтім мен арнаулы ем-домды қажет етті.

Фото: Александр Павский/Kazinform

Одан кейінгі жылдары орталыққа қатерлі ісік аурулары, декомпенсация сатысындағы бауыр циррозы, асқынулары бар қант диабеті, тыныс алу және декомпенсация сатысындағы жүрек-қан тамырлары аурулары, инсульттен кейінгі зардаптары мен ауыр жарақаттары бар науқастар жатқызыла бастаған.

Ал 2019 жылдан бастап хосписке қалалық мейірбикелік аурухана қосылды.

Фото: Александр Павский/Kazinform

— Паллиативтік көмек орталығының негізгі мақсаты — адамның өмірінің қиын кезеңінде қолдау көрсету, осы кезеңде науқастың өмір сүру сапасын жақсарту. Жыл сайын паллиативтік көмек пен мейірбикелік күтімге мұқтаж науқастардың саны артып келеді. Бұл халықтың өмір сүру ұзақтығының және егде жастағы адамдар санының артуына байланысты. Жасы мен созылмалы аурулардың болуына байланысты олар сыртқы күтімді қажет етеді, — дейді маман.

Фото: Александр Павский/Kazinform

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде науқастарға көмек көрсететін хоспис бүгінгі күні орталық қалалық клиникалық аурухананың жанындағы (Байзақов көшесі, 295) қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының ғимаратында уақытша орналасқан.

Орталық 180 төсек-орынға есептелген және онда 200-ге жуық адам жұмыс істейді. Паллиативті көмек шеңберінде қалалық онкологиялық орталықта емделмейтін қатерлі ісік диагнозы бар адамдарға медициналық-психологиялық көмек көрсету бойынша хоспистің көшпелі мобильді бригадасы да бар.

Фото: Александр Павский/Kazinform

Аиса Омарованың айтуынша, паллиативті көмек орталығы алдағы уақытта жаңа ғимаратқа көшеді. Мегаполисте көмектің осы түрін қажет ететін адамдардың артуына байланысты заманауи паллиативтік көмек орталығының құрылысы жоспарланған.

Онда ауыр санаттағы науқастар көмек алуы үшін барлық жағдай жасалмақ: екі орынды палаталар, кең дәліздер, бейімделген санитарлық тораптар салынып, қажетті медициналық құрал-жабдық алынады.

Фото: Александр Павский/Kazinform

— Орталыққа науқастар жоспарлы түрде қалалық емханалар мен көпсалалы стационарлардың жолдамасы бойынша жатқызылады. Оларға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде қызмет көрсетіледі. Хосписте ақылы көмек алуға да болады. Науқастардың орталықта жатуының нақты белгіленген күні жоқ, көмек алу уақыты — олардың жағдайына байланысты шешіледі. Орталықта емделетін адамдардың ас-ауқаты олардың диагнозына байланысты беріледі. Диетолог мейірбике дәрігердің кеңесі бойынша күнделікті әркімге жеке мәзір әзірлейді. Одан бөлек ем алушылар туған-туыстарымен белгіленген уақытта кездесе алады, — деді Аиса Омарова.

Фото: Александр Павский/Kazinform

Елімізде ашылған алғашқы хосписте айықпас сырқатқа шалдыққан азаматтарға, трахеостомия (жасанды тыныс алу жолы) жасалған адамдарға, зәр шығару катетері және басқа да арнайы көмекті қажет ететін науқастарға күтім жасалады.

Фото: Александр Павский/Kazinform

Сонымен қатар медицина қызметкерлері орталықта ем алып жатқан жалғызбасты пациенттердің туыстарын іздеумен айналысады.

Олардың жоғалған құжаттарын, соның ішінде жеке куәліктерін қалпына келтіруге жәрдем береді және хоспистен шығарылғаннан кейін әлеуметтік қызмет орталықтарына (қарттар үйлері) орналастырады.

Фото: Александр Павский/Kazinform

Паллиативті көмек орталығында 25 жылдай жұмыс істеп келе жатқан маман — ішкі аудит және пациентті қолдау қызметінің басшысы Галина Котованың айтуынша, орталықтағы күтімнен кейін жағдайы жақсаратын науқастар да жоқ емес.

Фото: Александр Павский/Kazinform

— Қалалық паллиативті көмек орталығында жұмыс істеу қиын дей алмаймын, бірақ оңай да емес. Әсіресе, моральдық тұрғыда. Әрдайым науқастарға барынша көмек көрсетіп, оңалып, тәуір болып кетсе деп тілейміз. Олар біздің орталықтан өз аяғымен үйлеріне қайтса дейміз. Бірақ пациенттің ауыр жағдайына байланысты бұл мүмкін бола бермейді. Дегенмен бізде ем алған адамдардың жағдайы жақсарған кездер де бар. Олар орталықтан шыққаннан кейін өзге емханаларда емін жалғастырады. Кей науқастарды амбулаториялық ем алуға үйге жібереміз. Жалпы орталықта ем алған азаматтардан жиі алғыс аламыз, туған-туыстары ризашылығын білдіріп жатады, — дейді Галина Котова.

Фото: Александр Павский/Kazinform

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда созылмалы аурулары бар пациенттерге паллиативтік көмекке қолжетімділік артатынын жазғанбыз.