Қазақстандағы тасқын ауқымы жаһандық жылыну үдерісімен тікелей байланысты - Президент

Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының саммиті аясында өтіп жатқан «ШЫҰ+» кездесуінде елде өткен тасқындардың ауқымына жаһандық жылыну үрдісі елеулі әсер еткенін айтты.

Жиын кезінде Мемлекет басшысы климаттың өзгеруі бүкіл әлем үшін өзекті мәселеге айналғанын айта келіп, оның жағымсыз әсерін Қазақстан да сезіне бастағанын атап өтті.

«Қазіргі нақты жағдайда экология мен климаттың өзгеруімен күрес саласындағы ынтымақтастық ерекше өзекті. Бұл саладағы жағдай қатты алаңдатады. Біз барша мемлекеттерге орасан зор зиян келтіретін әртүрлі табиғи апаттардың айтарлықтай өскеніне куә болдық. Жуықта Қазақстан бұрын-соңды болмаған су тасқынының зардабын бастан өткерді. Мамандардың айтуынша, бұл табиғи апаттың ауқымы жаһандық жылыну үдерісімен тікелей байланысты», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент климат проблемаларын жалғыз шешу мүмкін емес екенін атап өтті.

«Дүниежүзілік қоғамдастық барша мемлекетті дамыту мен жаңғыртудың өзекті міндеттеріне нұқсан келтірместен экономиканы көміртексіздендіру жолындағы шешуші бағытты жалғастыруы керек деп есептеймін», - деді Мемлекет басшысы.

Айта кету керек, кездесуге ШЫҰ-ға мүше 10 мемлекеттің басшысымен қатар БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, БАӘ Жоғары федералдық кеңесінің мүшесі, Рас-әл-Хайма әмірі Сауд ибн Сакр әл-Касими, Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Моңғолия Президенті Ухнаагийна Хурэлсуха, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Қатар Мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни қатысып отыр.