Бұл туралы ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінде өрт қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру мәселелері жөнінде өткен брифинг барысында белгілі болды.
«Шаруашылық нысандарына өрт қауіпсіздігі бойынша бақылау жүргізілетінін айта кеткіміз келеді. Ресейдің Кемерево қаласында өткен соңғы қайғылы жағдайға байланысты біздің елде де біршама әлеуметтік дүмпу болғанын айта кету керек. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі Бас прокуратураға хат жазып, нысандарды, атап айтқанда ойын-сауық орталықтарын, сауда үйлерін жоспардан тыс тексеруді сұраған еді. Қазіргі таңда тиісті тапсырма беріліп, осы қатардағы нысандарды тексеру жұмыстары жүргізілгелі жатыр», - деді брифингте ҚР ІІМ ТЖК Өрт қауіпсіздігі саласында бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бастығы Жасұлан Ақтаев.
Қазақстандағы бұқаралық нысандардың бәрі 2 сәуірден бастап тексерілетін болды. Тексеру уақытына 3 ай беріліп отыр.
Жиында аталған ведомствоның мемлекеттік өрт бақылау бөлімінің бастығы Рүстем Ысқақов хабарлағандай, келесі санаттағы нысандар өрт қауіпсіздігі бойынша тексерілетін болады. Олар: өртке қауіпті өндірісі бар кәсіпорындар, тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету нысандары, мұнай базалары мен мұнай өнімдерінің қоймалары, элеваторлар, білім беру нысандары, бір уақытта 200-ден көп адам баратын мәдени-ағарту, діни нысандар, спорттық кешендер, әуежайлар, теміржол, автокөлік вокзалдары, автожанармай құю бекеттері және газ қоймалары станциялары және сол секілді өзге де нысандар.