Ағымдағы жылдың 14-17 қараша күндері аралығында Астана қаласында өткен қорытынды байқауға республиканың өңірлерінен 16 жол- патрульдік полиция қызметкері қатысты, деп хабарлайды ҚР ІІМ баспасөз қызметі.
Конкурс барысында тәртіп сақшылары көліктің екі түрінен маневр жасау, алғашқы медицалық көмек көрсету, қоян-қолтық күрестің тәсілдерін меңгеру, қаланың күрделі көше қиылыстарында қолмен реттеу сындарынан өту қажет еді.
Сонымен қатар конкурсқа қатысушылар табелдік және автоматты қарудан оқ ату, дене шынықтыру дайындығы, нормативтік-құқықтық актілерді білу, оқ ату және қызметтік дайындық теориясын меңгеру біліктіліктері бойынша бағаланды.
3 күндік байқаудың қорытындысы бойынша 1-орынды полиция аға лейтенанты Ержан Нұрахметов (Шығыс Қазақстан облысы) иеленсе, қалған 2 және 3 орындарды Айдын Нұрымов (Павлодар облысы) пен полиция сержанты Денис Анучин өзара бөлісті (Қостанай облысы). Сондай-ақ байқау жеңімпаздары «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» және «Қазақстан полициясына 25 жыл» медальдарымен, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Құрмет грамотасымен, ақшалай сыйақымен марапатталды.
Жол патрульдік полиция қызметкерлерінің қылмыстарды ізін суытпай ашуы өткен жылмен салыстырғанда 3,4 %-ға (223 835-тен 24 645-ке дейін,) оның ішінде: кісі өлтіру қылмысын ашу 27,7 % -ға (90-нан 115-ке дейін) және ауыр дене жарақатын келтіру қылмысын ашу 10 %-ға ( 522-ден 575-ке дейін) өскен.