ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласындағы «Достық үйінде» Өзбекстанның Навои облысынан келген өнерпаздар жергілікті жұртшылыққа өз тартуын жасады. Бұл шара биыл атап өтіліп жатқан Қазақстандағы Өзбекстан жылы аясында қолға алынып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Көршілес қонған туыс халық «Қаны бір елім, жаны бір елім» атты концерттік бағдарламасында өзбек әндері мен билерін нақышына келтіре орындады. Сондай-ақ, сол елдегі қазақ өнерпаздары да ән мен күйден шашу шашты. Концерттік бағдарламада 20-ға жуық өнерпаз елдің қошеметіне бөленді.
«Сыр өңірі тұрғындарының қонақжай қасиеті бізге өте ұнады. Бұл жағынан бір-бірімізге өте ұқсаспыз. Сондай-ақ, қос халықтың мәдениеті мен салт-дәстүрінде ерекше айырмашылық жоқ екені белгілі. Біз Қазақстандағы Өзбекстан жылы аясында басқа да шараларды жоспарлап отырмыз. Астана қаласында өзбектің ұлттық киімдері мен мәдениетіне арналған көрме өткізу ойластырылған», - деді Навои облысы әкімінің орынбасары Улугбек Сафаров.
Қазақстандағы Өзбекстан жылы аясында елімізде 200-ден астам шара өткізу жоспарланған. Мұндай игі шаралар негізінен еліміздің оңтүстік бөлігіндегі Тараз, Шымкент, Түркістан және Қызылорда қалаларында өткізіліп келеді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.