Қазақстандық ару Miss Universe байқауында 4,5 метрлік алтын қанат образымен көптің назарын аударды

АЛМАТЫ.KAZINFORM - Шымкенттік Алина Ри Пуэрто-Рикода өтіп жатқан мерейтойлық «Miss Universe – 2026» сұлулық байқауында көрермендер мен сарапшылардың назарын аударды. Ол ұлттық киімдер көрсетілімінде қанаты ашылатын, салмағы 30 келі болатын ерекше бүркіт бейнесіндегі костюммен сахнаға шықты.

Фото: Miss Universe

«Miss Universe» байқауының 75-маусымына әлемнің 116 елінен қатысушы жиналды. 21 қарашада финал алдындағы ұлттық киімдер көрсетілімі болды. «Miss Qazaqstan 2025» атағының иегері Алина Ри бұл кезеңде «Алтын бүркіт: Қазақстан рухы» атты образды таныстырды.
Костюмнің басты ерекшелігі – құлашын 4,5 метрге жайған механикалық бүркіт қанаттары. Образ тұжырымдамасы Қазақстанның мемлекеттік туымен үндеседі. Онда аспан түстес көгілдір реңк, алтын күн және еркіндік пен тәуелсіздіктің символы – қыран бейнеленген.
Киімді жасауға кәсіби дизайнерлер тобы жарты жылдан астам уақыт жұмсаған. Ал арнайы әшекейлерді отандық бренд шеберлері қолмен әзірлеген. Костюмнің жалпы салмағы - шамамен 30 келі. Оған табиғи қауырсындар мен алтын түсті шілтер қолданылып, 10 мыңнан астам тас қолмен орнатылған. Ұзындығы бес метр болатын етегі мен ашылатын қанаттары сахнада ерекше көрінді.

Фото: Miss Universe

«Miss Qazaqstan» ұлттық байқауының директоры Рамина Ибрагимованың айтуынша, Алинаның сахнадағы көрсетілімі жоғары деңгейде өткен.

– Алина еліміздің атынан өте лайықты өнер көрсетті. Костюм сахнада ерекше көзге түсіп, мемлекеттік тудың түстерін мінсіз жеткізді, – деді ол.

Қазақстандық арудың өнері шетелдік БАҚ пен әлеуметтік желілерде үлкен қызығушылық тудырды. Байқау басшысы да костюмнің ерекшелігін атап өткен. Сонымен қатар Алинаның суреті Пуэрто-Рикодағы жетекші газеттердің бірінің мұқабасына жарияланды.
Халықаралық сарапшылар мен сұлулық байқауларына арналған парақшалар қазақстандық қатысушыны биылғы маусымның фавориттері қатарына қосып отыр. Олар Алинаның ел тарихында алғаш рет жартылай финалға (ТОП-30) шығуы мүмкін екенін болжайды. Қатысушыны қолдап, келесі кезеңге өтуіне көмектескісі келетін көрермендер MU Fan ресми қосымшасы арқылы дауыс бере алады.
Жаңа тәж иегері анықталатын финалдық шоу 24 қарашада Пуэрто-Рикодағы Coliseo de Puerto Rico José Miguel Agrelot аренасында өтеді.

Еске салсақ, Шымкенттік Алина Ри Miss Universe байқауында Қазақстан атынан өнер көрсететінін жаздық.