Шымкенттік Алина Ри Miss Universe байқауында Қазақстан атынан өнер көрсетеді: ол туралы не белгілі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – 22 жастағы Алина Ри 2026 жылғы Miss Universe халықаралық байқауына Қазақстан атынан қатысады. Байқаудың финалы 24 қарашада Пуэрто-Риконың Сан-Хуан қаласында өтпек.

Алина Ри
Фото: Еламан Тұрысбеков /Kazinform

Miss Qazaqstan 2025 және Miss Universe Kazakhstan 2026 атанған ару халықаралық байқауға жыл бойы дайындалған. Алинаның басты мақсаттарының бірі – Қазақстан атынан шығып, үздік 30 қатысушының қатарында болу.

Шымкенттен әлемдік сахнаға дейін

Алина Шымкентте дүниеге келген, жасы 22-де. Ол отбасындағы жалғыз бала. 16 жасынан бастап Алматыға түсірілімдер мен түрлі іс-шаралар үшін жиі келіп жүрген. Кейін мегаполиске біржола көшті.

Білімі бойынша Алина – заңгер. Алайда болашақта осы салада жұмыс істеуді жоспарлап отырған жоқ. Оның өнерге деген қызығушылығы бала кезінен басталған, үш жасынан бастап гимнастикамен, бал биімен, халық және заманауи билермен айналысқан. Сонымен қатар вокалмен де шұғылданған.

Ұлттық байқауда жеңіске жеткеннен кейін оның өмірі түбегейлі өзгерді. Алинаның айтуынша, жеңіспен бірге үлкен жауапкершілік те жүктелді. Енді ол әлемдік сахнада Қазақстан атынан өнер көрсетуге дайындалуы керек еді.

- Жеңіске жеткеннен кейін қызу дайындық басталды. Мен бұл кезеңге өте жауапкершілікпен қарадым. Жыл бойы тыңғылықты дайындалып, жаттықтым, сөйлеу мәнерім мен жүріс-тұрысыма көңіл бөлдім, – деді Алина.

Дайындық барысында ол спортзалдағы жаттығуларға, стретчинг және актерлік шеберлігін дамытуға да уақыт бөлген.

Мақсат – Қазақстанды үздік 30 елдің қатарына қосу

Miss Universe байқауы 1952 жылдан бері өткізіліп келеді. 2026 жылы оның 75-мерейтойлық кезеңі өтеді. Биыл байқау Пуэрто-Рикода ұйымдастырылады. Бұл елде конкурс 20 жылдан астам уақыттан кейін қайта өткізілмек. Тәжге әлемнің 100-ден астам елі мен аумағынан келген қатысушылар таласады.

Алина үшін бұл байқауға қатысу – жеке жетістік қана емес. Ол Қазақстан үшін маңызды нәтиже көрсетуді мақсат етіп отыр.

Алина Ри
Фото: Еламан Тұрысбеков / Kazinform

- Қазақстанды ақыры үздік 30 қатысушының қатарына қосқым келеді. Менің тілегім де, мақсатым да – өз миссиямды орындап, Қазақстан үшін тарихи сәттің болуына үлес қосу. Сондықтан бар күшімді салып дайындалып жатырмын. Маған бүкіл Қазақстанның қолдауы қажет, – деді ол баспасөз конференциясында.

Қазақстан атынан қатысатын ару Пуэрто-Рикоға 4 қарашада ұшады. Байқаудың негізгі бағдарламасы қараша айында өтеді.

30 келілік ұлттық киім

Алинаның Miss Universe сахнасында таныстыратын ұлттық киімі де көпшіліктің қызығушылығын тудырып отыр. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, оған 5 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалған.

Алина киім үлгісін өзі ойлап тапқан көрінеді. Оған Қазақстанның мемлекеттік туы шабыт берген. Ұлттық образда көк туымыздың түсі, қазақы ою-өрнектер, күн мен қыран бейнесі бар. Сондай-ақ тастармен және ою-өрнектермен безендірілген ұзын шлейф болады.

Киімнің ең ерекше бөліктерінің бірі – арнайы механизм арқылы ашылатын үлкен қанаттар. Бас киіміне де күн пішініндегі элемент орнатылады. Бүкіл құрылымның салмағы шамамен 30 келі болады.

- Бұл – толығымен өзім ойластырған образ. Эскизін де өзім әзірледім. Біздің туымыздың тақырыбын негізге алу керек деп шештім. Бұл – өте символикалық әрі патриоттық идея, – деді Алина.

Киімнің көлемі мен салмағына байланысты оны Пуэрто-Рикоға жүк ұшағымен бөлек жеткізу жоспарланып отыр.

Сән, шығармашылық және жеке бренд

Алинаның сәнге деген қызығушылығы бала кезінен басталған. Ол кішкентайынан көйлектердің суретін салғанды ұнатады. Miss Universe байқауынан кейін өз киім брендін ашу мүмкіндігін қарастырып жүр.

Алина Ри
Фото: Еламан Тұрысбеков / Kazinform

Оның ойынша, бұл этникалық нақыштағы киімдерден тұратын шағын әрі эксклюзивті топтама болуы мүмкін. Алина киімдердің дизайнын өзі әзірлеп, шектеулі мөлшерде шығарғысы келеді.

- Бала кезімнен көйлектердің суретін салғанды жақсы көретінмін. Бірақ неге екенін білмеймін, дизайн мамандығына түспедім. Байқаудан кейін өз брендімді ашуым мүмкін. Онда көйлектермен қатар, этникалық нақыштағы костюмдер де болады. Қазірдің өзінде бірнеше қызықты идеям бар. Бірегей киімдерді шектеулі мөлшерде шығарғым келеді. Мен сәнді жақсы көремін, өзгелерге ұқсамайтындай киінгенді ұнатамын, өз талғамым бар. Сол идеяларымды киім үлгілері арқылы жүзеге асырғым келеді, – деп бөлісті Алина.

Алина Ри
Фото: Александр Павский / Kazinform

Оның қызығушылықтары сәнмен ғана шектелмейді. Алина фортепианода ойнаған, тенниске әуес. Бос уақытын отбасымен және жақындарымен өткізуге тырысады. Ата-анасы Шымкентте тұрады. Алинаның сөзінше, олар оның сұлулық байқауларына қатысқанын үнемі қолдап келеді.

Нью-Йоркте Қазақстан атынан өнер көрсетті

Miss Universe байқауына аттанбас бұрын Алина халықаралық сән алаңында да Қазақстанның атын танытып үлгерді. Қыркүйек айында ол New York Fashion Week 2026 іс-шараларына қатысты.

Алинаның айтуынша, оған өзге елдердің өкілдерімен бірге сән көрсетіліміне қатысуға шақырту келген. Кейін ол модель ретінде де подиумға шыққан.

Енді оны басты сынақ – Miss Universe байқауы күтіп тұр. Алина дайындықтың оңай болмағанын жасырмайды. Дегенмен әлемдегі ең ірі халықаралық сахналардың бірінде Қазақстанның атынан өнер көрсету мүмкіндігін ерекше жауапкершілік деп санайды.

- Мен Miss Universe байқауын бала кезімнен көріп өстім. Енді жақында сол жаққа ұшып барып, елімнің атынан өнер көрсететініме әлі де сене алар емеспін. Мен бұл жетістігіммен мақтан тұтамын, – деп түйіндеді ол.

Miss World 2026 байқауына Қазақстан атынан кім қатысатынын жазған едік.