Қазақстанда әзірленген GPS-трекер мал ұрлығымен қалай күресіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Forbes Kazakhstan журналының «30-ға дейінгі 30» тізіміне енген Мирас Байжігіт жайылымдағы табынды бақылауға арналған жүйе әзірледі. Оның артықшылығы неде және жоғалған малды іздеуде қандай көмегі бар? Бұл туралы ол Kazinform тілшісіне айтып берді.

Фото: Мирас Байжігіттің жеке мұрағатынан

Идея қалай пайда болды?

Мирас Байжігіт Қостанай облысында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Қазақ-түрік лицейін тәмамдаған соң Астана медицина университетіне оқуға түсіп, жалпы тәжірибе дәрігері мамандығын үздік бітірді. Кейін қоғамдық денсаулық сақтау саласында магистр дәрежесін алды. Болашағын бастапқыда медицинамен байланыстырғанымен, студенттік жылдары оның технологияға негізделген жобаларға қызығушылығы артты.

Алғашқы жобасына інісінің қауіпсіздігі түрткі болған. Інісі мектепке барған соң Мирас оған орналасқан жерін бақылауға мүмкіндік беретін GPS-сағат сатып әперді. Көп ұзамай мұндай құрылғыларға туыстары мен таныстарынан да тапсырыс түсе бастаған.

Кейін клиенттердің бірі GPS технологиясын жылқыларды бақылауға қолдану жайын сұрайды. Осы идеядан кейін Мирас мал шаруашылығының ерекшеліктерін зерттеп, шалғай жайылымдағы жылқыларды қадағалауға арналған жүйе әзірлеуге кірісті.

– Бізге мал шаруашылығының ерекшеліктеріне бейімделген жүйе әзірлеу қажет болды. Сондықтан бірден өнім жасаудан емес, саланы зерттеуден бастадық. Фермерлермен сөйлестік, шаруашылықтарды араладық, жайылым жағдайын бақыладық. Құрылғылардың қаншалықты төзімді екенін тексердік, – деді Мирас Байжігіт.

Осылайша iGps Tech жобасы дүниеге келді. Оның негізгі мақсаты – жылқының орналасқан жері туралы ақпаратты шалғай жайылымнан алып, мал иесіне қашықтан бақылау мүмкіндігін беру. Бұл әсіресе мал жоғалған немесе ұрлыққа күдік туған жағдайда маңызды.

GPS-трекер ұрлықпен күресте қалай көмектеседі?

Жүйенің жұмыс істеу принципі спутниктік байланысқа негізделген. Жобада америкалық Globalstar компаниясының SmartOne C трекері қолданылады. Ол жылқының мойнына тағылатын арнайы қарғыбауға бекітіледі. Құрылғы GPS арқылы координаттарды анықтап, ақпаратты Globalstar-дың төмен орбиталы спутниктері арқылы жібереді. Сондықтан оған SIM-карта немесе мобильді оператор желісі қажет емес.

Трекер координаттарды үздіксіз жібермейді. Тек баптаулары мен ауа райы жағдайына қарай тәулігіне алты рет сигнал жолдайды. Батареясы алты айға дейін жұмыс істейді. Ал мал иесі алынған мәліметтерді мобильді қосымша арқылы көре алады, ол үшін интернет байланысы қажет.

Фото: Мирас Байжігіттің жеке мұрағатынан

Бұған қоса жүйеде жайылымның виртуалды шекарасын белгілеуге болады. Егер жылқы сол аумақтан шығып кетсе, иесіне хабарлама келеді. Бұл малдың қозғалысын бақылап, әдеттен тыс жағдайды дер кезінде байқауға мүмкіндік береді.

– Мал иесінде жануардың соңғы координаты болса, іздеу әлдеқайда жеңілдейді. Бұрын жылқының қайда кеткенін білмеген адам бірнеше сағаттап, тіпті бірнеше күн бойы іздеуі мүмкін еді. Ал трекер соңғы тіркелген орнын көрсетіп, іздеу бағытын анықтауға көмектеседі. Бұған қоса жайылымды тексеру үшін жасалатын сапар азайып, көлік пен жанармай шығынын қысқартуға мүмкіндік туады, – деді Мирас Байжігіт.

Трекерді қазірдің өзінде 3 800-ден астам қазақстандық пайдаланады. Олар жүйе арқылы 130 мыңнан аса жылқының қозғалысын бақылап отыр.

Жылқының жайын жасанды интеллект қалай талдайды?

Алғашқы GPS-жүйені жетілдіре келе, команда оған биосенсорларды қосты. Күн энергиясымен қуатталатын жаңа құрылғы негізгі модуль мен тоғыз қосымша сенсордан тұрады. Осылайша бір жүйе бір мезгілде он жануар туралы ақпарат жинай алады.

Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Сенсорлар жылқының орналасқан жерін ғана емес, дене температурасын және қозғалыс белсенділігін де тіркейді. Бұл көрсеткіштер мал иесіне жануардың жағдайындағы өзгерістерді байқауға мүмкіндік береді. Дегенмен құрылғы әзірге ветеринариялық диагностика жасамайды. Ол үшін қосымша зерттеулер мен ветеринар мамандардың бағалауы қажет.

Жаңа әзірлемеге қызығушылық танытқандар аз болмаған. Жоба таныстырылымынан кейін екі күннің ішінде мыңнан астам өтінім түскен. Қазір команда Моңғолияда пилоттық жобалар мен бірлескен зерттеулер жүргізу мүмкіндігін талқылап жатыр. Сонымен қатар Қырғызстан, Өзбекстан және Ресей нарығына шығуды жоспарлайды.

Жобаның келесі кезеңі – GPS-трекерлер мен биосенсорлардан жиналған деректерді бір платформаға біріктіріп, оларды жасанды интеллект көмегімен талдау. Алайда ол үшін алдымен жайылымдағы мал туралы жеткілікті әрі тұрақты дерек жинау қажет.

– Жасанды интеллект дерек болған жағдайда ғана жұмыс істейді. Ал жайылымдық мал шаруашылығында мұндай деректер әлі де өте аз. Сондықтан жайылымдарға датчиктер орнатып, спутниктік байланысты қамтамасыз ету, содан кейін ғана аналитика мен алгоритмдерді іске қосу жоспарда, – деді ол.

Еске салайық, енді елімізде ауыл шаруашылығы өнімдері маркетплейстер арқылы өткізіледі.