Қазақстандық балуан Айбатыр Миразат кураштан әлем чемпионы атанды

АСТАНА. KAZINFORM — Батысқазақстандық балуан Айбатыр Миразат Астана қаласында кураштан ересектер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында топ жарды.

Фото: Айбек Ишанов

Астана қаласында алғаш рет ұйымдастырылған XV әлем чемпионатында 71 мемлекеттен 450 спортшы бақ сынауда. 

Ерлер мен әйелдер барлығы 16 салмақ дәрежесінде медальдарды сарапқа салуда. 
Қазақстан ұлттық құрамасы (бас бапкері Ғұмар Қырғызбаев) 16 балуанды додаға қосты.

Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында жарыстың бірінші күні Айбатыр Миразат 60 келіге дейінгі салмақта үздік шықты. 

Балуанның әкесі Айбек Ишановтың мәлім еткеніндей, Айбатыр алдымен түрік, содан кейін қырғыз спортшысын жеңді. Жартылай финалда өзбек балуанынан айласын асырды.

— Соңғы бәсекеде тәжікстандық Хақдод Гуловпен белдесті. Балам бұған дейін Душанбеде өткен Азия чемпионатында дәл осы балуанға есе жіберіп, күміс жүлдеге ие болған еді.

Соның қарымтасын Астанада қайырды. Сондай-ақ Айбатыр — қазақ күресінен ересектер арасында Қазақстан кубогының екі дүркін жеңімпазы, 23 жасқа дейінгілер арасында ел чемпионы және Қажымұқан атындағы әлем кубогының күміс жүлдегері, — деді А.Ишанов. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Фатима Сұпығалиеваның болашақта Ута Абе, Диёра Келдиёровамен кездесуі мүмкін екендігі туралы айтқанын жазған болатынбыз.