Қазақстандық дельфийшілер ТМД ойындарында 11 медаль жеңіп алды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан құрамасы 5-9 қазан аралығында Тәжікстан астанасы Душанбеде өткен ТМД елдерінің XX жастар дельфий ойындарында 11 медаль жеңіп алды. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Душанбедегі меншікті тілшісі хабарлады.

Фото: Құралай Түспекова

Қазақстан командасының қоржынында төрт алтын, үш күміс және төрт қола медаль бар. Осы нәтиженің арқасында Қазақстан бейресми командалық есепте үздік үштікке енді.

Фото: Құралай Түспекова

Байқауға Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстаннан 10-25 жас аралығындағы өнерлі жастар қатысты. Олар фортепиано, скрипка, бейнелеу өнері, академиялық, халықтық және эстрадалық ән айту, халық биі, үрмелі және халық аспаптарында орындау, сәндік-қолданбалы өнер секілді 10 номинация бойынша бақ сынады.

Фото: Құралай Түспекова

Қазақстан құрамасына ең көп жүлдені әншілер салды. «Академиялық ән айту» номинациясында 17-21 жас санатында Назгүл Байменова бірінші, Нұрай Сайынова екінші орын алды. Ал 22-25 жас санатында Аяжан Серғали қола жүлдегер атанса, Мадияр Айдарбек дипломант болды.

Фото: Құралай Түспекова

«Халық әні» номинациясында Айзере Төлеу жеңіске жетті. Ұлданы Бисенбі 14-17 жас санатында үшінші орын иеленді. «Эстрадалық ән айту» номинациясында Дәмелі Біржанова екінші орын алса, Асыл Мұрат «Үздік костюм» арнайы жүлдесіне ие болды. Бұл санатта олар 14-17 жас аралығындағы қатысушылар арасында өнер көрсетті. Ал 18-25 жас санатында Алтынай Әйтен қола медаль жеңіп алды.

Аспапта орындаушылар арасында 14-17 жас санатында Айтөре Азаматұлы «Фортепиано» номинациясы бойынша бірінші орынға ие болды. Досжан Нұрдәулет (14-17 жас) пен Жандар Серікхан (18-25 жас) дипломант атанды.

«Халық аспаптары» номинациясында 14-17 жас санатында Ахмет Нұрпейіс күміс медаль жеңіп алды. Ералы Исаев (14-17 жас) пен Кәмила Қанафина (18-25 жас) дипломант атанды.

«Үрмелі аспаптар» номинациясында 14-17 жас санатында Ділдә Серікхан үшінші орын алды. Ал скрипкашы Регина Джамбазова дипломант атанып, арнайы жүлдеге ие болды.

Қазақстан құрамасына тағы бір алтын медальді 15-18 жас санатында «Сәндік-қолданбалы өнер» номинациясында өнер көрсеткен Әнел Рысбек сыйлады.

Фото: Құралай Түспекова

Kazinform агенттігіне берген сұхбатында Ұлттық дельфий комитетінің директоры Құралай Түспекова Қазақстан халықаралық ойындарда дәстүрлі түрде жоғары нәтижелер көрсетіп келе жатқанын айтты.

— Құраманың жоғары нәтижесі — ұлттық кезеңдегі қазылар алқасы төрағаларының жүйелі тәлімгерлік жұмысының жемісі. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері финалистердің дайындығын жеке үйлестіріп, олардың орындаушылық шеберлігін шыңдауға және байқауға арналған репертуарын қалыптастыруға көмектесті, — деді Құралай Түспекова.

Еске салайық, бұған дейін АҚШ-тың Мэриленд штатындағы Монтгомери округінде, Вашингтоннан шамамен 10 минуттық жерде орналасқан Carderock Recreation Area саябағында қазақ диаспорасы ұйымдастырған «Бас қосу» пикнигі өткені жайлы жазған едік.