Алыста жүрсе де, атамекенді ұмытпаған қазақтар Вашингтонда бас қосты

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тағы The Kazakh-American Association ұйымының Дархан Нұрмағамбетовтің бастамасымен ұйымдастырылған дәстүрлі табиғат аясындағы кездесуіне қазақ диаспорасының өкілдері мен АҚШ азаматтарынан құралған жүзге жуық адам қатысты. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі хабарлайды.

Алыста жүрсе де, атамекенді ұмытпаған қазақтар Вашингтонда бас қосты
Фото: Рүстем Қожыбаев/Kazinform

«Бас қосу» пикнигі Мэриленд штатындағы Монтгомери округінде орналасқан Carderock Recreation Area саябағында өтті. Бұл орын Вашингтоннан шамамен 10 минуттық жерде орналасқан.

Алыста жүрсе де, атамекенді ұмытпаған қазақтар Вашингтонда бас қосты
Фото: Рүстем Қожыбаев/Kazinform

Көрікті табиғатымен танымал саябаққа жартасқа өрмелеуді, жаяу серуендегенді және велосипед тебуді ұнататындар жиі келеді.

Алыста жүрсе де, атамекенді ұмытпаған қазақтар Вашингтонда бас қосты
Фото: Рүстем Қожыбаев/Kazinform

The Kazakh-American Association ұйымының вице-президенті Расул Ешпаевтың айтуынша, іс-шараның басты мақсаты — АҚШ-та тұратын қазақстандықтардың басын қосу.

— Біз өз мәдениетімізді сағынамыз. Негізгі мақсатымыз — барлығын бір жерге жинап, Америкада бір-біріне қолдау көрсететін, таныстық аясын кеңейтіп, іскерлік байланыс орнататын қазақстандық үлкен қауымдастық бар екенін көрсету. Осындай кездесулердің арқасында Америкада жүрсе де, әркім өзін Қазақстанға бір табан жақын сезіне алады. Мұндай іс-шараларды ең әуелі балалар үшін ұйымдастырамыз. Олар өз құрдастарымен танысып, мәдениетімізді тереңірек білуге мүмкіндік алады, — деді Расул Ешпаев.

Алыста жүрсе де, атамекенді ұмытпаған қазақтар Вашингтонда бас қосты
Фото: Рүстем Қожыбаев/Kazinform

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы АҚ-ның Вашингтондағы өкілі Рамазан Сламханов мұндай кездесулердің отандастарымыз, балалар және жергілікті тұрғындар үшін маңызы зор екенін айтты.

— Барлығы керемет өтіп жатыр! Бұл — бас қосып, өзіңді үйдегідей сезінуге, дәмді тағамдардан ауыз тиіп, отандастармен әңгімелесуге берілген бірегей мүмкіндік. Мұнданың бәрі — өзіміздің адамдар, жақын жандар, қазақстандықтар. Сонымен қатар балалардың қазақ тілінде сөйлеуіне тамаша мүмкіндік, — деді Рамазан Сламханов.

Алыста жүрсе де, атамекенді ұмытпаған қазақтар Вашингтонда бас қосты
Фото: Рүстем Қожыбаев/Kazinform

Оның айтуына қарағанда, Қазақ-Америка қауымдастығы мұндай іс-шараларды жылына бірнеше рет ұйымдастырады. Соның арқасында диаспора өкілдері бас қосып, кездесіп, уақыттарын бірге қызық өткізе алады.

Сондай-ақ Рамазан Сламханов мұндай кездесулер америкалықтарды Қазақстанның мәдениетімен, салт-дәстүрімен және ұлттық тағамдарымен жақынырақ таныстыруға мүмкіндік беретінін айтты.

— Осындай іс-шараларға америкалық қонақтарды арнайы шақырса, жақсы болар еді. Бұл мәдениетімізді, ұлттық тағамдарымыз бен құндылықтарымызды кеңінен таныстыруға көмектесер еді, — деді ол.

Кәсіпкер Джейк Конкол мен оның жұбайы Алуа Конкол бұл кездесуге жыл сайын қатысуға тырысатынын айтты.

— Біз мұнда жылына екі рет келеміз, өйткені адамдармен араласқанды ұнатамыз. Бұл — достар табуға, байланыс орнатуға өте қолайлы орын. Осы жылдар ішінде көп адаммен достасып кеттік. Мұнда достармен кездесуге, сондай-ақ балаларымның анасының мәдениетімен танысуына тамаша мүмкіндік бар, — деді Джейк Конкол.

Оның айтуынша, ол Қазақстанға жеті рет барған және әрдайым басқа мәдениеттерді зерттеп, олар туралы көбірек білуге қызығушылық танытқан. Студент кезінде Кеңес Одағының тарихына қызығып, қазақ даласын көруді армандаған. Кейін бұл арманы орындалған.

Джейк Конкол Көкшетауда, Петропавлда, Бурабайда, Астанада, Қарағандыда және Алматыда болған. Оның сүйікті тағамдары — қазақша ет пен палау.

Сондай-ақ ол Қазақстан халқын алдағы Республика күнімен  құттықтады.

— Вашингтоннан барша Қазақстан халқына Республика күні құтты болсын деп, мерекені көтеріңкі көңіл күймен атап өтуді тілеймін, — деді Джейк Конкол.

Қазақ-Америка қауымдастығы бұл кездесуді Наурыз мерекесімен қатар жыл сайын ұйымдастырады. Іс-шараның мақсаты — АҚШ-та тұратын қазақтарды біріктіру, ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді, ана тілін сақтау, сондай-ақ жаңа таныстықтар орнатып, отбасылар арасындағы достық байланысты нығайту.

Еске салайық, бұған дейін Будапештте қазақ диаспорасына екі елдің серіктестігі туралы дәріс өткізілгенін жазғанбыз.