Қазақстандық оқушылар АҚШ-та өткен дрон спорты бойынша екі халықаралық жарыста үздік бестікке енді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық оқушылар АҚШ-та өткен дрон спорты бойынша халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетті.

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

12 жастағы Әлихан Нсанбаев MultiGP World Championship 2026 әлем чемпионатында бесінші орын иеленсе, дрон-футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы USA Drone Soccer International Cup 2026 турнирінде үздік бестікке енді.

Даллас қаласында өткен әлем чемпионатына 44 елден 830 спортшы қатысып, олардың 69-ы іріктеу кезеңінен өтті. Іріктеу ұшуларының қорытындысы бойынша Әлихан Нсанбаев 12 финалистің қатарына еніп, бесінші орынға ие болды. Жас спортшы Орал қаласындағы Облыстық техникалық шығармашылық орталығында білім алады және «Aspan» командасының мүшесі. Оның жаттықтырушылары — Қайсар Есенғали мен Андрей Тишин.

Лонг-Бич қаласында өткен дрон-футболдан халықаралық турнирде Қазақстан құрамасы алты елден қатысқан 16 команданың арасында бесінші орын алды. Еліміздің намысын Орал және Атырау қалаларынан келген Наурызбек Есетов, Алдияр Бауыржан, Әлихан Нсанбаев және Альтаир Әбілғазиев қорғады. 

Құраманы жарысқа Қайсар Есенғали, Нұрбол Қырықбаев, Дидар Сахратов және Александр Шимановский жаттықтырды.

Әлихан әлем чемпионатына жолдаманы Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы «Aspandrone» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп, «Dronly Ltd.» компаниясының қолдауымен ұйымдастырған Kazakhstan Drone Championship & Cup республикалық турнирінің қорытындысы бойынша жеңіп алды. Аталған серіктестердің қолдауымен дрон-футболдан ұлттық құраманың халықаралық жарыстарға қатысуы да қамтамасыз етілді.

Қазақстанда дрон спорты бойынша жарыстар өңірлік, облыстық және республикалық деңгейлерде өткізіледі. Бұл жарыстар дарынды оқушыларды анықтауға, олардың инженерлік ойлау қабілетін дамытуға, робототехника мен заманауи технологияларға қызығушылығын арттыруға, сондай-ақ жас спортшыларды халықаралық чемпионаттарға дайындауға мүмкіндік береді.

Айта кетелік Қазақстандық командалар дрон-футболдан халықаралық турнирдің үздік ондығына енген еді.