Қазақстандық оқушылар АҚШ-тағы халықаралық робототехника турнирлерінде топ жарды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық оқушылар АҚШ-та өткен екі ірі халықаралық робототехника турнирінде жоғары нәтижеге қол жеткізіп, бірнеше беделді марапатқа ие болды.

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

FIRST Tech Challenge (FTC) бағдарламасы аясында ұйымдастырылған жарыстарға әлемнің үздік командалары қатысты. Қазақстан намысын Алматы, Ақтөбе және Шымкент қалаларынан барған оқушылар қорғады.

Калифорния штатының Лонг-Бич қаласында өткен Western Edge Premier Event 2026 турниріне әлемнің 11-ден астам елінен 88 команда қатысты. Жарыс барысында қатысушылар роботтарды жобалау, бағдарламалау және күрделі инженерлік міндеттерді шешу бойынша бақ сынады.

Қазақстан атынан Алматы қаласының PHOBOS, Qazaq Style және UlyDala командалары, сондай-ақ Ақтөбе қаласының GAMBIT командасы өнер көрсетті.

– Ең жоғары нәтижеге PHOBOS командасы қол жеткізді. Оқушылар турнирдің ең беделді марапаттарының бірі Inspire Award сыйлығын иеленіп, Sea Division Winning Alliance Captain атағына ие болды. Кейін чемпиондық альянсты бастап, Western Edge Premier Event 2026 турнирінің абсолютті жеңімпазы атанды, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар GAMBIT командасы инженерлік шешімдері мен техникалық құжаттамасының сапасы үшін Think Award 2nd Place марапатын иеленді. UlyDala командасы плей-офф кезеңіне жолдама алса, Qazaq Style бағдарламалау және инженерлік әзірлемелер бойынша жоғары нәтиже көрсетті.

Қазақстандық оқушылардың тағы бір жетістігі АҚШ-тың Кентукки штатындағы Лексингтон қаласында өткен Run for the Robots Premier Event халықаралық турнирінде тіркелді. Әлемнің үздік FTC командалары қатысқан додада Шымкент қаласы Абай ауданының Зияткерлік мектебінің Atomic Heart командасы ерекше көзге түсті.

– Жарыс қорытындысы бойынша Atomic Heart командасы Man o’ War дивизионында Inspire Award марапатының иегері атанды. Бұл FIRST Tech Challenge жүйесіндегі ең беделді марапат болып саналады және робототехника, инженерлік құжаттама, жобаны таныстыру, қоғамдық қызмет және тәлімгерлік бағыттары бойынша үздік нәтиже көрсеткен командаға беріледі, – деп атап өтті ұйымдастырушылар.

Мамандардың айтуынша, қазақстандық оқушылардың халықаралық жарыстардағы жетістігі жүйелі дайындықтың, тәлімгерлер қолдауының және жастардың инженерлік ғылымдарға қызығушылығының жоғары екенін көрсетеді.

Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық оқушылар Қытайдағы халықаралық робототехника турнирінде екі марапатқа ие болды.