2026 жылғы 27 маусым мен 3 шілде аралығында Болгарияның Варна қаласында өткен Еуропалық география олимпиадасына (European Geography Olympiad, EGeo) 13 мемлекеттен 100 оқушы қатысты.
Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстанның 9 оқушыдан құралған ұлттық құрамасы 2 алтын, 5 күміс және 2 қола медаль жеңіп алып, команданың барлық мүшесі жүлдегер атанды. Бұл — Қазақстанның Еуропалық география олимпиадасына қатысу тарихындағы ең үздік нәтиже.
Олимпиада барысында қатысушылар физикалық, әлеуметтік-экономикалық және аймақтық география бойынша теориялық және практикалық тапсырмаларды орындап, картографиялық материалдар мен географиялық деректерді талдау дағдыларын көрсетті.
Алтын медаль иегерлері:
Андрей Енбахтов — Қостанай қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы;
Сырым Амантай — Қарағанды облысындағы Н. Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 9-сынып оқушысы.
Күміс медаль иегерлері:
Дарын Бекбол — Жетісу облысы, Талдықорған қаласындағы Мұхтар Арын атындағы № 24 мамандандырылған лицейдің 10-сынып оқушысы;
Азамат Жумажанов — Ақтөбе облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының 9-сынып оқушысы;
Айдос Серікбай — Алматы облысы, Есік қаласындағы А. Мәлкеев атындағы «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы;
Шынғыс Мүрсәлім — Павлодар қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы;
Нұрай Бакеева — Солтүстік Қазақстан облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы.
Қола медаль иегерлері:
Амир Дарынов — Шығыс Қазақстан облыстық «Білім-инновация» лицейінің 11-сынып оқушысы;
Алан Козленко — Шығыс Қазақстан облыстық «Білім-инновация» лицейінің 11-сынып оқушысы.
Ұлттық құраманы жарысқа география пәнінің мұғалімі Нұрмағамбет Данат Мұратұлы (IQanat High School of Burabay) мен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының әдіскері Шайхина Орал Бекболатқызы дайындап, жетекшілік етті.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандық жас математиктер Балқан олимпиадасында әлемнің үздік бестігіне енген еді.