Беделді білім додасына әлемнің 17 елінен 100-ден астам жас биолог қатысты.
Қазақстан құрамасы олимпиадаға 6 оқушымен қатысып, нәтижесінде 2 алтын, 3 күміс және 1 қола медаль жеңіп алып, 100 пайыздық нәтиже көрсетті.
Павлодар облысындағы «Білім-Инновация» мамандандырылған лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Қайркен Ерсұлтан мен Алматы қаласы Медеу ауданындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы Желтова Софья алтын медаль иегеленді.
Ал Павлодар облысындағы «Білім-Инновация» мамандандырылған лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Билялов Нурали мен Шығыс Қазақстан облысындағы «Білім-Инновация» мамандандырылған лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Мұқашев Дарын сондай–ақ Маңғыстау облысындағы «Білім-Инновация» лицей-интернатының 9-сынып оқушысы Әділғали Нұрасыл күміс медаль алды.
Қарағанды қаласындағы NIS-тің 10-сынып оқушысы Меженина Евгения қола медаль қанжығалады.
Команда жетекшісі — Дінмұхаммед Уразбаев, республикалық және халықаралық олимпиадалардың жүлдегері, қазіргі уақытта «Astana Medical University» КеАҚ-ның 4-курс студенті.
OIBO олимпиадасы теориялық, практикалық және командалық жобалық турлардан тұрды. Қатысушылар молекулалық биология, генетика, биохимия және физиология бағыттары бойынша күрделі тапсырмалар орындап, ботаника, зоология және биоинформатика салаларында зертханалық жұмыстар жүргізді.
Олимпиада оқушылардың теориялық білімін ғана емес, зерттеу жүргізу, ақпаратты талдау және пәнаралық байланыстарды қолдану дағдыларын да бағалауға бағытталды.
Айта кетейік, жас физиктер Кореяда өтетін беделді олимпиадада ел намысын қорғайды.