24–27 тамыз аралығында Шанхайдың Линган ауданында ұйымдастырылған жарысқа сегіз санат бойынша 150 команда, 1400-ден астам бала қатысты.
Қазақстандық жас робототехниктер VIQRC орта буын санатында сынға түсті.
Бұл санатта 46 команда бақ сынады. Жарыс қорытындысы бойынша, Қазақстанның 1771A командасы III орын иеленді.
Команда құрамында Қайырбек Арнұр, Жолтай Бекназар және Күнтуған Ханзада өнер көрсетті. Бұдан бөлек, дәл осы команда Best Progress Award арнайы жүлдесін иеленді. Бұл марапат команда жетістігіндегі елеулі ілгерілеуді бағалайтын арнайы аталым.
Қазақстанның 1771T командасы да III орынға ие болды. Команда сапында Тамерлан Самыратов, Жақсымбет Уваисов және Алинұр Қуат өнер көрсетті.
Осылайша, қазақстандық екі команда Шанхайдағы халықаралық турнирде екі үшінші орын және бір арнайы жүлдеге ие болды.
Оқушыларды жарысқа робототехника жетекшісі Нағашыбай Мұхамедұлы Самыратов дайындады.
VEX Robotics жарыстарында қатысушылар роботтарды құрастырып, бағдарламалайды және белгіленген тапсырмаларды орындау үшін инженерлік әрі стратегиялық шешімдер әзірлейді.
Осыған дейін қазақстандық оқушылардың Бейжіңде робототехникадан өткен халықаралық чемпионатта 23 жүлде иеленгені туралы жаздық.