Қазақстандық оқушылардың инженерлік жобасы АҚШ-тағы әлем чемпионатында ТОП-15-ке енді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық оқушылар су асты робототехникасынан АҚШ-та өткен International SeaPerch Challenge 2026 әлем чемпионатында жоғары нәтиже көрсетті.

Фото: Бибігүл Төлегенова атындағы шығармашылық мектеп

2026 жылғы 30-31 мамырда University of Maryland базасында өткен халықаралық финалда Қазақстан атынан Бибігүл Төлегенова атындағы шығармашылық мектептің «Nomadic Guardians» командасы өнер көрсетті.

Команда құрамында Ерсұлтан Мұқатай, Даяна Жұмахан, Әмина Өмірзакова, Адель Бауыржанова, Әмірхан Елубай, Ярослав Врублевский, Азат Орал, Малика Ноғаева және Әлихан Мұхтарұлы болды.

Оқушыларды Шыңғыс Ахметулаев, Анель Сауданбекова және Дарын Ибраев жетекшілік етіп дайындаған.

Әлем чемпионатының техникалық аудит секциясында қазақстандық команданың инженерлік есебі жоғары бағаланды.

– Қазылар алқасы инженерлік жобаға мүмкін болған 94 балдың 88-ін берді. Нәтижесінде «Nomadic Guardians» командасы Technical Design Report номинациясы бойынша әлемдік рейтингте 15-орынға көтерілді, – делінген хабарламада.

Байқауға әлемнің түкпір-түкпірінен келген 210-нан астам үздік технологиялық команда қатысты.

Қазақстандық робототехниктер техникалық аудит бойынша ондаған шетелдік команданы артта қалдырды.

Команда АҚШ-тағы әлемдік финалға жолдаманы бұған дейін Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен SeaPerch West Asia аймақтық кубогінде жоғары санат бойынша абсолютті жеңімпаз атану арқылы иеленген болатын.

– Бұл нәтиже қазақстандық оқушылардың инженерлік даярлығының жоғары деңгейін және халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін тағы бір мәрте көрсетті, – деп атап өтті ұйымдастырушылар.

Айта кетейік, енді еліміздегі барлық студент жасанды интеллект пәнін оқиды.