Самбодан Ереван қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы тағы үш медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Kazinform.
Еламан Қойшыбаев 88 кг салмақта финалға дейін сүрінбей жетті.
Қыркүйек айында әлем кубогінде жеңімпаз атанған Еламан жартылай финалда дүниежүзілік чемпионаттың қола жүлдегері, ирандық Сейед Саедиманадиді 5:1 есебімен тізе бүктірді. Алайда соңғы бәсекеде қырғыз балуаны Жамалбек Асылбек уулуына 0:2 есебімен жол берді.
Сондай-ақ Арнұр Қуатай (71 кг) мен Шынар Абатова (72 кг) қола жүлдеге ие болды.
Осылайша, екі күннің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 2 күміс, 3 қола жүлдемен жалпы есепте 8-орында тұр.
Жексенбі, жарыстың соңғы күні 7 салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаз-жүлдегерлер анықталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын самбодан әлем чемпионатында алғашқы күні Қазақстан қоржынына қос медаль түскенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).