Қазақстандық спортшылар Ислам ынтымақтастығы ойындарында 56 медаль жеңіп алды

Фото: ҚР туризм және сппорт министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM - Сауд Арабиясының Эр-Рияд VI Ислам ынтымақтастығы ойындары өз мәресіне жетті. Жарысқа 57 елдің спортшылары қатысты.

ҚР Туризм және спорт министрлігінің хабарлауынша, ел құрамасы жеңіл атлетика, киберспорт, семсерлесу, гандбол, джиу-джитсу, дзюдо, карате, жүзу, үстел теннисі, таеквондо, ауыр атлетика, еркін күрес, грек-рим күресі, әйелдер күресі, ушу және муай-тай секілді 16 спорт түрінен бақ сынады.

Отандастарымыз Ислам ынтымақтастығы ойындарында барлығы 56 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 15-і алтын, 20-ы күміс 21-і қола.

Ислам ынтымақтастығы ойындарында бірқатар спорт түрінен отандастарымыз алғаш рет алтын алды. Атап айтсақ, дзюдо (Аруна Жангелдина), үстел теннисі (Кирилл Герасименко мен ерлер командасы), муай-тай (Тұрар Дүйсехан), семсерлесу (ерлер командасы) және джиу-джитсуда (үш алтын) отандастарымыз үздік шықты.

Ал үстел теннисінен Кирилл Герасименко финалда Париж Олимпиадасының 1/8 финалында есе жіберген Омар Мұхаммед Асардан басым түсті. Еркін күрестен әлем чемпионы Ризабек Айтмұқан да Париж Олимпиадасының чемпионы, әлем чемпионы Ахмед Тажудиновты (Бахрейн) ойсырата жеңді.

Сондай-ақ отандастарымыз гандбол, джиу-джитсу, муай-тай, ушу және семсерлесуде алғаш рет медаль жеңіп алды.

Айта кетсек, қазақстандық джиу-джитсу шебері Мансұр Хабибулла Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) өтіп жатқан Ислам ынтымақтастығы ойындарында қола медаль жеңіп алды.