Қазақстандық студенттер робототехникадағы үздік шешімі үшін жүлде алды

АСТАНА. KAZINFORM — Гонконгта өткен ABU Robocon 2026 робототехникадан халықаралық чемпионатында Қазақстан атынан қатысқан Назарбаев Университетінің BULAN командасы Mabuchi Motor Award жүлдесіне ие болды. Байқауға 21 елдің университет командалары қатысты.

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Mabuchi Motor Award инженерлік шешімдердің бірегейлігі, механикалық конструкцияның сапасы, сондай-ақ механикалық, электрондық және бағдарламалық компоненттерді тиімді үйлестіре білгені үшін беріледі.

Қазақстанның ABU Robocon 2026 чемпионатына қатысуы еліміздің жеті жылдық үзілістен кейін халықаралық жарысқа қайта оралуы болды. Биыл ұлттық іріктеуді өткізу және ел құрамасын жасақтау жұмыстарын USTEM Foundation ҚҚ ұйымдастырды.

Ұлттық кезең 1 шілдеде Almaty Tech Cup аясында өтті. Оның қорытындысы бойынша Назарбаев Университетінің BULAN командасы жеңімпаз атанып, Гонконгтағы халықаралық финалда Қазақстан атынан қатысу құқығына ие болды.

Қазақстан құрамасына механика, электроника, бағдарламалау, дизайн және жобаларды басқару бағыттарын қоса алғанда, түрлі мамандықтар бойынша білім алып жүрген 28 студент енді. Мұндай пәнаралық тәсіл робототехникалық шешімдерді әзірлеу мен дайындау барысында инженерлік және цифрлық құзыреттерді ұштастыруға мүмкіндік берді.

Халықаралық кезеңде Қазақстан атынан Мейіржан Таздарбай, Темірлан Амангелді, Аймедет Тауфик, Фаршед Иброхимов және Дастан Мусрепов өнер көрсетті.

Mabuchi Motor Award — шағын электр қозғалтқыштарын өндіретін жапондық Mabuchi Motor компаниясының арнайы жүлдесі. Ол жобалауда бірегей тәсіл, механикалық инженерияның жоғары деңгейін және технологиялық шешімдерді кешенді қолдану шеберлігін көрсеткен командаларға табысталады.

Қазақстандық команданың ABU Robocon 2026 чемпионатындағы нәтижесі студенттік инженерия мен робототехника саласындағы әлеуеттің артып келе жатқанын, сондай-ақ қазақстандық жас әзірлеушілердің халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді. 

Айта кетелік қазақстандық оқушылар робототехникадан халықаралық чемпионатта 23 жүлде иеленген еді