Қазақстандық теннисші Испанияда негізгі жарысқа жолдама алды
20:20, 15 Қаңтар 2024
ТЕНЕРИФЕ. KAZINFORM — Қазақстандық, әлемнің 184-ракеткасы Денис Евсеев Тенерифе (Испания) челленджер турниріне жолдама алды.
Қазақстандық теннисші іріктеу сайыстарының финалында дүниежүзілік рейтингіде 373-орында тұрған литвалық Вилиус Гаубаспен шеберлік байқасты.
Д.Евсеев қарсыласын 6:3, 6:2 есебімен тізе бүктірді.
1 сағат 14 минутқа созылған матчта ол 1 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың төртеуін өз есебіне жазды. В.Гаубас 3 эйспен шектелді.
Осылайша негізгі жарысқа жолдама алған Денис Евсеевтің келесі қарсыласы кейін анықталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Аустралия ашық чемпионатының алғашқы айналымынан аса алмағанын жазған болатынбыз.