АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның екінші, әлемнің 56-ракеткасы Александр Шевченко Марсель (Франция) ATP 250 турнирінің екінші айналымына шықты.
Жуырда ғана Қазақстан азаматтығын алған А.Шевченко алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингіде 126-орында тұрған франциялық Бенжамен Бонзимен бетпе-бет келді.
Қазақстандық спортшы сағат жарымға жуық уақытқа созылған бәсекеде 7:6 (7:4), 6:4 есебімен жеңіске жетті. Ол матч барысында 7 эйспен бірге 3 брейк-пойнттың екеуін өз есебіне жазды. Қарсыласы 6 эйс, 1 брейктен (4 брейк-пойнт) аса алмады.
Александр Шевченко ширек финалға шығу үшін 7 ақпан күні әлемнің сегізінші, осы жарыстың 1-ракеткасы, Польша өкілі Хуберт Хуркачпен таласады.
Жүлде қоры 724 015 еуроға бағаланған дода 11 ақпанда мәресіне жетеді.
Өткен жылы осы турнирдің финалында Х.Хуркач Б.Бонзиді 6:3, 7:6 (7:4) есебімен жеңген болатын.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Үндістандағы турнирдің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).