АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші Екатерина Дмитриченко жұптық сында Шарм-эль-Шейх (Мысыр) ITF W15 турнирінде топ жарды.
Қазақстандық спортшы ұлыбританиялық Саванна Дада-Масколмен бірге барлығы төрт кездесуін жеңіспен аяқтады.
Қазақстандық-ұлыбританиялық жұп финалда ресейліктер Виктория Седенкова – Мария Шмелёваның мысын басты.
Бірінші партияда тай-брейкте Дмитриченко – Дада-Масколл басымдылық танытты – 7:6 (7:2).
Оларға екінші сет оңайлау тиді – 6:2.
Осылайша, 25 жастағы Е.Дмитриченко спорттық жолында ITF жарыстарында алтыншы, соның ішінде жұптық сында бесінші титулына қол жеткізді.
Бұдан бір апта бұрын Екатерина Дмитриченко Шарм-эль-Шейхте дәл осындай ITF W15 додасында түркиялық Ирем Куртпен бірге жеңімпаз атанған болатын.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның екінші рет қатарынан жарыстың финалына шыққанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).