Қазақстандық теннисшілер Астана турнирінде чемпиондық атаққа таласады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисшілер Астана қаласында өтіп жатқан World Tennis Tour M15/W15 Asu Open турнирінде жұптық сында финалға шықты.

Фото: Қазақстан теннис федерациясы

Ерлер арасында Дамир Жалғасбай мен Даниял Рахматуллаев үш кездесуін жеңіспен тәмамдады.

Қазақстандық жұп алғашқы айналымда-ақ жарыстың 2-ракеткалары болып тіркелген ресейліктер Иван Грецкий – Егор Плешивцевті сенсация жасап, екі партияда жеңді – 6:4, 6:4.

Дамир мен Даниял ширек финалда отандастары Ілияс Маратұлы – Арсений Требухиннен айласын асырды – 6:1, 2:6, 10:8.

Д.Жалғасбай – Д.Рахматуллаев бүгін жартылай финалда ресейліктер Дмитрий Бессонов – Григорий Шебекинді қапы қалдырды – 7:6 (8:6), 6:3.

Қазақстандық дуэт финалда Беларусь өкілі Мартин Борисюк – үндістандық Каран Сингхпен бас жүлдені сарапқа салады.

Әйелдер арасында доданың 2-ракеткалары болып тіркелген Асылжан Арыстанбекова – Іңкәр Дүйсебай үмітті ақтады.

Асылжан мен Іңкәр бастапқыда түркиялық Селина Атай – ресейлік Анастасия Мозгалеваны тықсыра білді – 7:6 (7:1), 6:1.

А.Арыстанбекова – І.Дүйсебай ширек финалда оңтүстіккореялық Ха Ым Ли – ресейлік Анна Пушкареваны тізе бүктірді – 6:2, 6:3.

Асылжан – Іңкәр жартылай финалда ресейліктер Виктория Милованова – Дарья Зелинскаямен тартысты өткен матчта камбэк жасады – 4:6, 6:3, 10:7.

Қазақстандық жұп соңғы бәсекеде турнирдің 1-ракеткалары, оңтүстіккореялықтар Хирае Им – Еунсшае Киммен кортқа шығады.

Д.Жалғасбай мен А.Арыстанбекова бүгін сондай-ақ жекелей сында да қарсыластарын ұтып, ширек финалға шыққан болатын.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Астана турнирінде қос қазақстандық теннисшінің ширек финалға жолдама алғанын жазған едік.