Астана турнирінде қос қазақстандық теннисші ширек финалға жолдама алды
АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласында Beeline Arena ұлттық теннис орталығында World Tennis Tour M15/W15 Asu Open 2 турнирі өтіп жатыр.
Қазақстандық теннисшілерден осы аптада жекелей сында Дамир Жалғасбай мен Асылжан Арыстанбекова сәтті өнер көрсетіп жатыр.
Ерлер арасында 18 жастағы Дамир алдымен әлемнің 805-ракеткасы, ресейлік Григорий Шебекинді 6:3, 6:4 есебімен жеңді.
Д.Жалғасбай екінші айналымда рейтингіде 1 001-орындағы тағы бір ресейлік Никита Яниннен басым түсті – 6:3, 6:3.
Әйелдер арасында рейтингіде 946-сатыдағы, 20 жастағы Асылжан Арыстанбекова алғашқы айналымда әлемнің 651-ракеткасы, ресейлік Екатерина Тупыцинаны жолдан тайдырды – 7:6 (7:5), 4:6, 6:1.
Асылжан бүгін рейтингіде 1 201-орындағы аустриялық Лиэль Ротенштайнермен де тартысты кездесу өткізді. Қазақстандық теннисші камбэкпен жеңіске жете білді – 3:6, 6:2, 6:4.
Д.Жалғасбай мен А.Арыстанбекованың келесі қарсыластары кейін белгілі болады.
Басқа қазақстандық теннисшілер жекелей сында ширек финалға дейін жете алмады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Торонто турниріндегі тартысты матчта жеңіске жеткенін жазған едік. Сондай-ақ Соня Жиенбаева жекелей сында Испаниядағы турнирдің ширек финалына шықты.
Алматыда жасөспірімдер арасында Ролан Гаррос турнирінің іріктеу сайысы өтеді.