АСТАНА. KAZINFORM — Каратэден WKF нұсқасы бойынша әйелдер арасындағы әлемдік рейтинг жаңартылып, үздіктер қатары қайта айқындалды.
Қазақстан каратэ федерациясынан мәлім еткеніндей, бұл тізімде бірден үш қазақстандық спортшы өз салмақ дәрежесінде әлемдік рейтингтің көшін бастап тұр.
Атап айтқанда, Мөлдір Жаңбырбай (50 кг), Әсел Қанай (61 кг) және Софья Берульцева ( 68 кг) үздік нәтиже көрсетті.
Мөлдір Жаңбырбай жүктілігіне байланысты бір жылға жуық уақыт бойы жарыстарға қатыспаса да, ұпай саны бойынша бірінші орында тұр.
Әсел Қанай биылғы Премьер-лига турнирлерінен тұрақты түрде жүлде алып келеді.
Ал Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Софья Берульцева қатарынан үш Премьер-лига додасында топ жарып, Grand Winner атағын алуға бір қадам жақындады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын каратэден Қазақстан құрамасы Премьер-лига турнирін төрт медальмен қорытындылағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).