Қазақстандық жас падел шеберлері Азия рейтингісінде үздіктер қатарына енді

АСТАНА. KAZINFORM — Халықаралық падел федерациясының (FIP) жаңартылған рейтингісінде қазақстандық жас паделшілердің озық нәтижелері тіркеді.

Фото: Қазақстан падел федерациясы

Қазақстан падел федерациясынан мәлім еткеніндей, Арнұр Тұрсынхан мен Ислам Дүйсенғазин 16 жасқа дейінгілер арасында Азия FIP Promises рейтингісінде 2-орынға көтерілді. Қазақстандық дуэттің еншісінде 1 785 ұпай бар. Олар Қатар өкілі Саид Хашем Алмазеедиден ғана 1 285 ұпайға қалып тұр. 

18 жасқа дейінгі қыздар арасында Азия FIP Promises рейтингісінде үш бірдей қазақстандық паделші алғаш рет ТОП-10-ға кірді. София Пак төртінші орынға табан тіресе, Айлин Амантай мен Әдия Бектемісова 8-сатыға жайғасты. 

Фото: Қазақстан падел федерациясы

Жуырда Алматыда жасөспірімдер арасында мәресіне жеткен екінші FIP Promises Almaty турнирінде Арнұр Тұрсынхан мен Ислам Дүйсенғазин U16 санатында жеңімпаз атанды. Оған қоса U18 санатында финалға дейін жетті. Ал София Пак екі бірдей жас санатында (U16 және U18) титулға қол жеткізді. Бұл олардың Азия рейтингісінде жоғары көтерілуіне мүмкіндік берді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық жас паделшілердің Азия рейтингісінде үздік үштікке кіргенін жазған едік.