Қазақстандық жас теннисші Барселонадағы жарыстың жартылай финалына шықты
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық Томирис Нұржан Барселонада 16 жасқа дейінгілер арасында өтіп жатқан Испания ұлттық чемпионатының (Campeonato de España Iberdrola de Tenis Cadete Femenino 2025) жартылай финалына өтті.
Испанияның үздік жас теннисшілері өнер көрсетіп жатқан жарысқа Томирис Нұржан ұйымдастырушылардан арнайы шақырту алған еді.
Доданың ең тартысты матчтарының бірі ширек финалда болды. Томирис Испанияның 16 жасқа дейінгілер арасында 2-ракеткасы Анна Орландоны 6:1, 4:6, 7:5 есебімен тізе бүктірді.
Қазақстандық жас спортшы финалға шығу үшін Паула Пенерамен таласады.
- Ойын өте тартысты болды, бәсеке бес сағатқа созылды. Бапкерім ұсынған тактика мен стратегияның арқасында жеңіске жеттім. Жұмабек Жанықұлов пен Next Level командама сенімі мен қолдауы үшін алғысымды айтқым келеді, - деді Томирис.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Германиядағы жарыстың жартылай финалына өткенін жазған болатынбыз.
Берлин турнирінде Рыбакина әлемнің 1-ракеткасына есе жіберді.