АСТАНА. KAZINFORM – Францияның Бар-ле-Док қаласында 14 жасқа дейінгілер арасында үшінші санаттағы Tennis Europe турнирі мәресіне жетті.
Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 13 жастағы қазақстандық теннисші Айым Қанағатова сәтті өнер көрсетіп, беделді жарыстың финалына дейін жетті.
Айым шешуші бәсекеде ғана жергілікті теннисші Шарлотта Хакардқа жол берді – 1:6, 0:6.
Талдықорған теннис мектебінің түлегі Айым Қанағатова өткен жылы Tennis Europe жарыстарында жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Атап айтқанда, екі дүркін жекелей, бір рет жұптық сында жеңімпаз атанды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия ашық чемпионатында Заңғар Нұрланұлының үшінші айналымға жолдама алғанын жазған едік.
Сондай-ақ Анна Данилина миксте ширек финалға шықты. Ал, Елена Рыбакина өткен жылғы көрсеткішін жақсартты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).